14 наурыз — Көрісу мейрамы. Осы мерекеге орайластыра Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан ардагерлерінің қатысуымен «Аналар әлемі – ұрпақ сабақтастығы» — тақырыбымен ауыл ардагерлерінің қатысуымен рухани-мәдени іс-шара өтті , деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Аталмыш шарада бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар ескі әндерді нақышына келтіріп орындаса, Бірлік ауылының әжелерінен құралған «Сыр сандық» ансамблі халық әндерін тамылжыта орындады. Сонымен қатар ардагер ұстаздардан құралған «Ару аналар» ансамблі де түрлі халық әндерін орындады.
Тәрбиелік мәні зор шарада ауылдың жас келіндері көрермендерге ұлттық ас мәзірін тартып, сәлем салу салтын орындады. Әжелер ауыл халқына мерекелік шашу шашып көпшіліктің көңілін көтеріп, ықыласына бөленді.
Жиынға қатысқан аудан әкімі Әлихан Балқыбеков сөз алып бүгінгі мерекемен, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, осындай , тәрбиелік маңызы бар шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, дәстүр мен әнді ұштастыра білген ауыл қарияларына арнайы дайындағае сыйлықтарын тарту етті. Шара соңы мерекелік дастарханмен жалғасты.
Қуаныш Көбенғараев, «Мойынқұм таңы» газеті тілшісі