Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Бұл жүйе экономиканың барлық саласына үлкен бетбұрыстар әкелетіні анық. Елдегі басқару жүйесіндегі өзгерістер мен жалпы саяси реформалардың құқық қорғау органдарының жұмысына да серпін әкелері сөзсіз.
Серпілісті неден бастау керек? Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне Жолдау қандай міндеттер жүктеп отыр. Мемлекет басшысының жаңа жолдауын тікелей эфир арқылы тыңдаған Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері осы сауалдар төңірегінде пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті.
– Әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы міндеттер әрбір сала қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл салаға серпін әкелетін маңызды қадам, — деді Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаев жиында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру туралы бастамасының жалпы құқық қорғау саласы үшін үлкен бетбұрыстың бірі болатынын атап өткен Нияз Рыспаев осы шешімнің маңызды қадам екенін жеткізді.
Президент атап өткендей, Қаңтар оқиғасы еліміздің бүкіл құрылымдық саласы үшін үлкен сын болғаны анық. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері Мемлекет басшысының: «Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз», деген сөзі өз қызметімізге деген құрмет пен сенімімізді нығайтты дейді. Ал кез келген салада жұмыс нәтижелі болуы үшін сенімділік аса қажет.