Облыстағы 26 072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Осыған байланысты бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен жоба аясында құрылған кооперативтерге ауыл шаруашылығы техникаларын табыстау рәсімі өтті.
«Бүгін міне, пилоттық жобаның екінші кезеңі халық игілігі үшін жұмыс істеп отырғанына куә болып, 10 ауылдық округте құрылған кооперативтерге су жаңа тракторларды табыстағалы отырмыз»,-деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жалпы аймақта 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Оның ішінде 4 564 трактордың 1 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 25 пайызының тозығы жеткен. Ал 10 жылға дейінгі пайдаланудағы техника саны 1 534 дана.
Осыған орай, биыл облыстағы техникаларды жаңарту мақсатында 1355 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 11%-ға жаңартылды. Инвестициялық субсидия арқылы 1848,0 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25-30 пайызы төленіп берілді.