Таразда «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығынының марапаттау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов қатысып, түрлі аталым бойынша үздік шыққан жастарды марапаттады.
Облыс әкімі өз сөзінде жастар саясаты – мемлекеттің басты назарында екенін атап өтіп, осы тұрғыда аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, жастар тәрбиесінің маңыздылығын баса айтты.
— Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, облыста соңғы үш жылда мемлекеттік жастар саясатына 2, 7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жас буынды еңбекқорлыққа баулып, олардың бастамаларына көрсетілген қолдау.
Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жүзеге асуда.
Бағдарлама аясында облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған жоба шеңберінде ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 500 млн. теңге қаржы бөлініп, жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларға қолдау көрсетілді.
Жоба аясында барлығы 619 өтінім қабылданып, 67 қатысушыға «Отбасы Банкке»жолдама берілді.
Бүгінгі күнге 33 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 25 қатысушы баспаналы болып үлгерді.
Алдағы 2023 жылы жоба аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында «Отбасы банкпен» бірлесе отырып, қаржыландыру көлемін 4 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз,-деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан соң түрлі аталымдар бойынша бірқатар жастар марапатталды. Нақтырақ айтсақ, «Үздік жас ғалым» номинациясын Айсұлу Жанұзақ, «Үздік жас мұғалім» номинациясын Тоғжан Лаубай, «Үздік жас медицина маманы» номинациясын Ахметбек Исабек, «Үздік жас спортшы» номинациясын Ғасыр Тұрғынбай, «Үздік жас әнші немесе музыкант» номинациясын Дулат Жасұзақов, «Театр немесе кино саласының үздік жас актері» номинациясын Нұрай Қаражанова, «Үздік жас жазба ақыны» номинациясын Шапағат Әбдір, «Үздік жас айтыскер ақын» номинациясын Рай Дөңбай, «Үздік жас баспа журналист» номинациясын Ғалия Аблай, «Үздік жас тележурналистика маманы» номинациясын Диана Орынбасар, «Үздік жас мобилограф» номинациясын Берік Жолшан, «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясын Абай Нариман, «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» номинациясын Айжан Көшкінбай, «Үздік жас волонтер» номинациясын Азамат Намелбек, «Үздік жас қоғам белсендісі» номинациясын Медет Нұрділлаұлы жеңіп алды.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында үш жас отбасыға 2 бөлмелі пәтер кілттерін табыстады. Баспаналы болған Әлия Арғынбай, Айжан Игілікова, Берік Шуйншали өңіріміздің білім және денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.