Мың айдан қадірлі Қадір түнін жамбылдық жамағат та ерекше ықыласпен қарсы алды. Орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне 3 мыңға жуық тұрғын жиналып, ислам, бірлік пен береке туралы ой бөлісіп, намаз оқып, құлшылық жасады,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Қадір түнін сәуірдің 17-нен 18-не қараған түніне белгілеген болатын.
Құранда Қадір түнінің нақты уақыты айтылмайды, әл-Бұхари хадисінде Рамазан айының соңғы 10 күніндегі тақ түндердің бірі екені айтылған. Көпшілігі мұны Оразаның 27-ші түні деп санайды.
«Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді», — деп жазылған ҚМДБ сайтында.
Қадір түні не істеу керек деген сұраққа жауап берсек, Қадір түніндегі мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, тілек тілеп, дұға жасап, намаз оқу.
Өкінішке қарай, көбі Қадір түнін жай ғана ұйықтамай қарсы алу жеткілікті деп санайды. Алайда бұл қате түсінік. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Әрина, қадір түнін көңіл көтеру орындарында емес, үйде немесе мешітте өткізген абзал. Ішімдік ішуге, адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, жанжалдасуға, дауласуға тыйым салынады. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кешін ұйымдастыруға болмайды. Ал теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдердің орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді көрген дұрыс.