Тараз қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты Ту көтеру рәсімі өтті. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Әуелі жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын асқақтата орындап, көк Тудың көкте қалықтауын зор мақтанышпен тамашалады.
Өңір басшысы барша жамбылдықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — егемендігіміздің нышаны, ұлт рухының көрінісі. Егемен еліміздің көк байрағы желбіреп, Елтаңбамыз төрден орын алып, Әнұранымыз шырқалған сәтте толқымайтын жан, тебіренбейтін жүрек жоқ шығар.
Қасиетті рәміздерімізде бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегі мен мақсат-мұраты тоғысқан. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақтың астында бірлік пен бейбіт өмір сүріп келеді.
Бүгінгі шара – осы тұтастықты, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор үлес қосатынына сенімім мол, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын барысында патриоттық тәрбие мен отансүйгіштікті насихаттауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні Жамбыл облысының барлық аудандарында кең көлемде аталып өтті.