Аумағы 1000 шаршы метрден асатын ғимаратта волейбол, баскетбол, футбол, стол теннисі үйірмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, жаттығу залы да бар. Жаңа нысан Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен 302,5 млн. теңге қаржы бөлініп жүзеге асырылды. Нысанның құрылысын мердігер мекеме «Bek Stroy — 2010» ЖШС жүргізді.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев жас ұрпақтың дені сау, шымыр да шыныққан саламатты болып өсуіне бұқаралық спорттың тигізетін пайдасы зор екенін, ауданда бұқаралық спортқа баса назар аударылып, бүгінгі таңда 208 спорттық инфрақұрылым, 45 шағын футбол алаңы жұмыс жасап тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар аймақта бұқаралық спортпен айналысушылардың саны жылдан жылға өсіп келе жатқанын атап өтті.
КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Байзақ ауданының құрметті азаматы Алмас Мұсабеков те сөз алып, игі іске алғысын білдіріп, ауданда спорт инфрақұрылымының дамуы – болашақ жеңістердің негізі екенін жеткізді.
Бұдан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров пен Байзақ ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Асқар Смайылұлы ашылу лентасын қиып, ақжаулықты әжелер тәттіден шашу шашты. Жиналған көпшілік ішке еніп, жаңа нысанды аралап көрді. Шара барысында аудан әкімі «AQ Бидай – 2025» VIII республикалық ойындарында кіші футболдан 3 дүркін чемпион атанған Байзақ ауданы командасына бірыңғай спорттық киімдерді табыстады.