«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ТЕЛЕКӨПІР ӨТТІ

0 4

Таразда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шара өтті. «Денсаулық» саябағында Мемлекет басшысының қатысуымен телекөпір ұйымдастырылды.

Тікелей эфир барысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық даму, көгалдандыру және абаттандыру, экологиялық күн тәртібін іске асыру, жануарларға қамқорлық көрсету, сондай-ақ азаматтарды тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «“Таза Қазақстан”, “Заң және тәртіп”, “Адал азамат” қағидаттары біртұтас құндылықтар жүйесін құрайды және қоғамдық өмірде берік орнығуы тиіс. Бұл бастамаларды кеңінен насихаттауға танымал және беделді азаматтарды белсенді тарту қажет. Ал осы идеяның негізгі насихатшылары – жастар. Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру маңызды. “Таза Қазақстан” халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық идеяға айналуы тиіс», – деп атап өтті.

Іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев пен қала әкімі, Өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері, жастар ұйымдары, волонтерлер қатысты. Телемостты тамашалағаннан кейін қатысушылар ағаш отырғызу жұмыстарына кірісті. Акция аясында саябақ аумағына 100 түп жас көшет егілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.