2026 жылдың 28 сәуірінде Тараз қаласында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті. Олимпиаданы жетінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Биыл ІІ кезең алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығының негізінде жүзеге асты.

Жамбыл облысынан екінші кезеңге 530 бала қатысты. Олар Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу үшін өзара бақ сынады.
Жалпы 2026 жылы олимпиаданың алғашқы кезеңіне республика бойынша 42 079 6-сынып ауыл оқушысы қатысса, 5000 оқушы финалға өтті. Оның 10.6%-ын Жамбыл облысының оқушылары құрайды. Бұл — өңірдегі балалардың білімге деген жоғары ынтасының көрсеткіші.
Жобаның миссиясы – ауыл мектептерінде білім алатын оқушылар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру. Мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету және дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер ашу.
Жоба жетекшісі Қайроллаев Абылайхан:
«Соңғы алты жыл ішінде олимпиадаға 800 мыңға жуық оқушы қатысып, 6000 жеңімпаз анықталды. Олардың 1800-ден астамы мамандандырылған мектептерде білім алуда. 2025 жылы алғашқы 145 түлек мектепті аяқтап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті» — деді өз сөзінде.
-Олимпиадаға қатысу тегін. Биыл тіркелу 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында және Umitten мобильді қосымшасында өтті.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады:
І кезең (1-10 сәуір) – логикалық және кеңістіктік ойлау бойынша онлайн тестілеу. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 оқушы ІІ кезеңге жолдама алады.
ІІ кезең (28-30 сәуір) – математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ сыныптары үшін), орыс тілі (орыс сыныптары үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша офлайн тестілеу.
Жеңімпаздар Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады.