1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласында «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. «Көне-Тараз» этномәдени кешеніндегі Достық үйі алаңында ұйымдастырылған тағылымды шара елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың айқын көрінісіне айналды.
Ауқымды іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар мүшелері, зиялы қауым, ардагерлер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік шара заманауи технологиялардың мүмкіндігін көрсеткен ерекше бейнероликтен басталды. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген бұл туынды өңірдегі этномәдени бірлестіктердің тарихы мен дәстүрлерін кеңінен таныстырды.
Салтанатты жиынға келген құрметті қонақтарды «Достық шаңырағы астында» атты этномәдени бірлестіктер көрмесі қарсы алды. Көрмеде түрлі этностардың ұлттық тағамдары, қолөнер бұйымдары және салт-дәстүр көріністері ұсынылып, келушілерге мәдени әралуандықтың байлығы таныстырылды. Атап айтқанда, «Әулиеата» қазақ, «Корё» кәріс, «Радонеж» орыс, «Днепро» украин, «Полонез» поляк, «Архыз» қарашай-балқар, «Вынхуа» дүнген, «Ахыска» түрік, «Барбанг» күрді, «Шиват Цион» еврей, «Хазар» әзірбайжан, сондай-ақ қытай, өзбек, тәжік, грек, неміс этномәдени бірлестіктері және «Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі» РҚБ филиалы қонақтарға өз мәдени мұраларын көрсетті.
Осы тұста бағдарлама аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар мас-рестлинг, армрестлинг, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, мергендік, қой көтеру, жастықпен төбелес, құрық салу және бағанға шығу бойынша бақ сынасты.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіндегі Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың жамбылдықтарға арналған құттықтау хатын оқып, ізгі тілекке толы құжатты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваға табыстады.
Ал, мерекелік концерттік бағдарламада облыстық филармония әртістері мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, түрлі халықтардың мәдениеті мен өнерін кеңінен таныстырды. Концерт барысында патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер көрермен назарына ұсынылды. Бағдарлама көпшілік бірге орындаған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Этностар арасындағы өзара құрмет пен келісім құндылықтарын айшықтаған «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі» атты мерекелік іс-шара «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің бейбіт өмірдің символы саналатын ақ көгершіндерді ұшыру рәсімімен түйінделді.