Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасына жүргізілген талдау Тараз қаласының 15 ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысына 11,1 млрд. теңге бөлінгені және ондағы бір типті әрбір үйге жекелей жобалық-сметалық құжаттама әзірленетінін көрсетті. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтты, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жобаның тапсырыс берушісі Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі. 80 пәтерден тұратын 5 қабатты үйді тұрғызу үшін 890 млн. теңгеге жуық қаражат кетеді, бір үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау құны шамамен 8 млн. теңге.
Қазіргі уақытқа дейін осы ауданда 80 пәтерден тұратын 5 қабатты 19 үй салынып бітті. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін әр үй үшін 8 млн. теңгеден жалпы сомасы 152 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған.
Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 18 565 адам тұр, оның ішінде: 1954 – жетімдер, көп балалы отбасылар – 1784, тұрғындардың әлеуметтік осал тобына жататындар – 8953, мемлекеттік қызметішілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері мен әскери қызметшілер – 5874.
Тұрғын үй комиссиясының мұқтаж азаматтарға мемлекеттен баспана бөлу туралы шешімін лауазымды тұлғалар бақылаушылардың қатысуынсыз қабылдайды, яғни жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілмеген. Бейне және аудио жазбаның жүргізілмеуі де комиссия мүшелерінің шешім қабылдаудағы жауапкершілігіне кері әсер етері сөзсіз. Осыған байланысты, тұрғын үй комиссиясы отырысының міндетті түрде бейне және аудиотаспаға жазылып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілуі қажет.
Кезектегілердің тізімін зерделеу, ағымдағы жылдың 3 мамырында пәтер алған кейбір азаматтардың 2017 және 2018 жылғы кезек тізімінде жоқтығын көрсетті.
Мемлекеттік қордан бөлінген кейбір пәтерлерде ешкім тұрмайтыны, кейбірінің жалға берілгені анықталды.