Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында вице-министр 2016 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен және тиісті заңмен Жер кодексінің жекелеген нормаларына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілгенін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беруге мүлдем тыйым салынғанын тілге тиек етті.
«Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Комиссия мүшелері, еліміздің жергілікті тұрғындарымен өткізілген кездесулер нәтижесінде берген ұсыныстарын, мәселелердің қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, келесі шешімдер қабылдады.
Олар: ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, қазақстандықтарға ауылшаруашылық жерлерінің жалға берілетін мөлшерлерін шектеу, шекара аумақтарындағы ауылшаруашылық жерлерін пайдалану талаптарын күшейту, тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Аталған ұсыныстардың негізінде Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасы дайындалып, Парламент Мәжілісінің екі оқылымында қаралып, бүгінгі таңда Сенатта қаралуда.
Заң жобасы қоғамдық кеңес отырыстарында, басқа да қоғамдық алаңдарда жұртшылықпен, ауылшаруашылық тауар өндірушілермен кеңінен талқыланған. Сонымен бірге аталған заң жобасы нормативтік-құқықтық актілердің ашық порталында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында 2016 жылдың қараша айынан бастап орналастырылып, оның Парламентте қаралу барысы туралы ақпараттар үнемі жаңартылып отырады», деді Е.Нысанбаев. Сонымен қатар ол заң жобасының негізгі нормаларына толығырақ тоқталып өтті.
«Біріншіден, ауылшаруашылық жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыз қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылған. Сонымен бірге конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Екіншіден, ауылшаруашылық жерлерінің үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауылшаруашылық жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкімет бекітеді. Бұл шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді», деді вице-министр. Е.Нысанбаевтың сөзінше мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауылшаруашылық алқаптары ешкімге берілмейді. «Мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылық алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауылшаруашылық жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.
Төртіншіден, жергілікті тұрғындардың жеке аула малының саны жыл сайын өсуіне байланысты заң жобасында жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады. Сонымен бірге елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін халықтың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылып отыр.
Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Бұл ретте, заң жобасы нормаларының барлығы Жер комиссияның жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген және ауылшаруашылық жерлерін тек қазақстандықтарға ғана жалға беру институтын жетілдіруді көздейді.
Дереккөз: gemen.kz