Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Zhambylnews АА Baq.kz сілтеме жасап.
Отырыста министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аталған заң жобасы арқылы жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орындары мен барша елді мекендер бойынша бірыңғай онлайн алаң құру көзделітінін атап өтті.
«Осы мақсатта еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет ресурсын құру қарастырылған. Бұл тұғырнама халықты жұмысқа орналастыруға бағыталған. Яғни жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер туралы ақпаратты қамтитын онлайн алаң болады. Аталған заң жобасында электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс берушілер мен жұмыссыздардың халықты жұмыспен қамту орталықтарымен байланысы және жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері арасындағы өзара қарым-қатынасы бекітілген. Бұл өз кезегінде халыққа бос орындар жөніндегі ақпараттың қолжетімдігін арттырады», — деді ол.
Сонымен қатар заң жобасы жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретінін айта келе, осы бағытта халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі ұғымы енгізілетінін жеткізді.
«Бастапқы кезеңде аутсорсингке жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беру мен жұмысқа орналастыру бойынша қызметтерді беру ұсынылады. Бұл биыл 60 мыңдай адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Заң жобасында Еңбек министрлігінің құзыретіне келесі қызметтерді жүзеге асыру кіреді: Бюджет қаражаты есебінен халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін әзірлеу; Халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі аясында ұсынылатын қызметтер тізбесін мақұлдады.
Мұнымен қоса, құжатта халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарын жетілдіру көзделеді. Жұмыспен қамтуға жүгіну рәсімдері жеңілдетіледі. Жұмыс іздеушілер енді жұмыспен қамту орталықтарына «электрондық үкімет» веб-порталымен ғана емес, сонымен қатар ХҚКО-лар арқылы да жүгіне алады.
Айта кетейік, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында құрылатын бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу құзыреті орталық және жергілікті атқарушы органдарға берілмек.
Аталған заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.