Қазақстанда азық-түлік тапшылығына еш негіз жоқ – АШМ

0 29

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры туралы айтып берді,  — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік апта сайын ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді. Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, 12 наурыздағы жағдай бойынша республикада барлығы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар, оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон – 21 мың тонна және шамамен 900 мың тонна көкөніс өнімдері және басқалары бар.

Азық-түлік қоры жаңартылады және қажеттілігіне қарай күн сайын толықтырылады», — деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге Ж. Өсербай республикада жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат, ет және сүт өнімдерін өндіру үшін мал басы жеткілікті екенін атап өтті.

«Азық-түлік тауарларының барлық дерлік түрі бойынша халық қажеттілігі өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі, ал кейбірінде өндіріс қажеттіліктен айтарлықтай асады. Мысалы, жыл сайын орта есеппен 3 млн тоннадан астам ұн өндіріледі, ал тұтыну көлемі – 1,6 млн тонна, күріш өндірісі де 200 мың тоннаны құрайды, ал қажеттілік – 95 мың тонна. Осылайша, өндірістің қазіргі қарқыны сақталса және тұтынудың дәстүрлі көлемдерін ескере отырып, елде азық-түлік тапшылығының туындауы үшін негіз жоқ екенін хабарлаймыз», — деді Жеңіс Өсербай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.