Елорда соты күдікті Қайрат Сатыбалдыұлын қамауда ұстауға қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2022 жылғы 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», — делінген таратылған мәліметте.
Сонымен қатар, қылмыстық процестік кодекстің 201 бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректерін жария етуге жол берілмейтіні айтылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуде.
Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.