Күніне шамамен 8 стақан су ішудің маңызды екенін білеміз. Бірақ көпшілік үшін су ішу әдетін қалыптастыру — қиын істердің бірі. Ағзаға судың жетіспеуі сусыздануға әкеледі, зат алмасуды нашарлатады, артық салмақ тастауға кедергі болады және тері, шаш, тырнақ жағдайына кері әсер етеді. Су ішуді үйренуге көмектесетін бірнеше әдісті ұсынамыз.
1. Суды хош иістендіру
Суды таза күйінде ішу қиынға соқса, оған лимон суын немесе жаңа піскен жемістер бөлігін салып ішіңіз.
2. Су ішуді басқа әдеттермен байланыстыру
Күнде қайталанатын әдеттерге су ішуді «байлап» қойыңыз. Мысалы, күнде тіс жуар алдында, жұмысқа келген бойда және үзіліс басталған кезде бір стақан су ішіп алыңыз.
3. Суды көрінетін жерге қою
Су құятын әдемі құмыра сатып алыңыз. Оны сумен толтырып, көрінетін жерге қойыңыз. Ал жұмысқа сапалы су құятын бөтелке апарып қойсаңыз болады.
4. Ескертетін қосымшалар қолдану
Ұялы телефонға немесе компьютерге су ішу керегін ескертіп тұратын қосымша қондырып қойыңыз. Әдетте, мұндай бағдарламаларда қанша су ішкеніңіз көрсетіледі және ағза жайлы қызықты фактілер ұсынылып отырады.
5. Ішкен су мөлшерін есептеу
Егер арнайы қосымша болмаса, күні бойы ішкен су мөлшерін қағазға жазып жүрген жөн. Күн соңында тәуліктік норманы неліктен орындай алмағаныңызға және ертең нені өзгерту керегіне анализ жасаңыз.
6. Тамақтың алдында су ішу
Кейде шөлдеген кезде қарныңыз ашқан секілді сезім болады. Мұндай жолмен ағза шөлдегені жайлы белгі береді. Сондықтан бірден калориялы тамақтар жемей, алдымен су ішіп көріңіз.
7. Суды аз құю
Стақанның бетіне дейін су толып тұрса, оны тауыса алмайтындай қорқыныш болуы мүмкін. Суды аз аздан, бірақ жиі ішіңіз.
8. Су мөлшерін біртіндеп арттыру
Бірден 8 стақан судан бастаудың қажеті жоқ. Алдымен аз мөлшерден бастаңыз. Су ішу кестесін реттеңіз, бағдарламаға үйреніңіз. Мұның барлығы қандай да бір уақытты алуы мүмкін. Содан соң су мөлшерін біртіндеп арттырыңыз.
9. Суды «біреудің көзінше» ішу
Біреумен бәстесуіңізге болады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде көпшілік алдында шешім қабылдап, нәтижемен күнделікті бөлісіп отыруға болады. Бұл ең жақсы әдіс емес, бірақ біреулерге ол тиімді әсер етеді.
10. Құрамында суы көп өнімдер жеу
Әрине, таза судан жақсы ештеңе жоқ. Бірақ су ішуді үйрену кезеңінде сұйықтықтың жартысын жаңа піскен көкөністер мен жемістерден алуға болады. Кей өнімдер 95 пайыз судан тұрады. Мысалы, қияр, қарбыз, қауын, цитрустылар, алма, жүзім, шабдалы, ананас, құлпынай, қызанақ, асжапыраққа мән беріңіз.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz