ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм каналында жоғары оқу орындарын қайта профильдеу бойынша жұмыс жүргізілгенін және білім беру сапасы төмен оқу орындарының лицензиясынан айырылғанын айтты. Елімізде тағы 6 университетті жабу туралы шағым сотқа жіберілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Нәтижесінде 15 жоғары оқу орны жабылды. Сонымен қатар тағы 6 университетті жабу туралы шешімдеріміз сотқа шағымданып жатыр. Жабық ЖОО-ның 100 мыңнан астам студенті оқуын жалғастыру үшін басқа университеттерге ауыстырылды. 66 университет 505 лицензияны әлсіз білім беру бағдарламалары үшін қайтарды. Оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияны қайтарып алу үшін 4 университетпен сот процесі жүріп жатыр», – деп жазды министр.
Сондай-ақ ол осы кезеңде педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарының саны 80-нен 55-ке дейін қысқарғанын айтты. Бұдан былай болашақ мұғалімдерді тиісті дайындық сапасын жақсы қамтамасыз еткендер ғана шығара алады. Заңгерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарының саны 72-ден 61-ге қысқарған.
«Енді университеттерге берілетін лицензиялар шектеусіз болмайды. Олар 5 жылға беріледі. Ал қайта рәсімдеу автоматты түрде емес, біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады», – деді министр.