Күнтізбеде 31 желтоқсан жұмыс күні саналады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кейбір мекемелерде қысқартылған жұмыс күні болса, енді бірі толық күн жұмыс істейді. Әдетте бұл күні қызметкерлер мен компаниялар бір-бірін мерекемен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бұл датаны мерекелік күн ретінде жариялау ұсыныстары айтылып жүр. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі депутаттар мен көпшіліктің ойын біліп көрді.
ҚР парламенті сенатының депутаты Динар Нөкетаева бұл күнді мерекелік демалыс етіп жариялауға қарсы екенін айтты.
“Бұл дата Григориан күнтізбесіндегі 365, 366-күн, яғни жылдың соңғы күні деп есептеледі. Ол Рим папасы III 1582 жылы қолданысқа енгізген күнтізбе. Ол халықаралық Одақпен қабылданған католик елдерінде Юлиан күнтізбесінің орнына енгізілген. Сондықтан 31 желтоқсан жылдың соңғы күні болып белгіленіп, мереке ретінде тойланған. Ислам мемлекеттері 22 Наурыз мерекесін жыл басы ретінде тойлап, біраз күн әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырған. Ал біздің елде Григориан күнтізбесі 1918 жылдан бастап енгізілген, бірақ 31 желтоқсан күні демалыс деп белгіленбеген. Сондықтан бұл күн елімізде жұмыс күні болып қалуы керек”, – деді ҚР парламенті сенатының депутаты Динар Нөкетаева.
Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Жаңа жыл мерекесін тойлауды қолдамаймын дейді. Айтуынша, қазақтарға жат мейрам болғандықтан, 31 желтоқсан әдеттегідей жұмыс күні саналады.
“Жер шарында күн мен түннің теңелген өзінің уақыты бар. Ол – 22 наурыз. Сондықтан біздің Жаңа жыл 22 наурызда үлкен мейрам болуы керек. Соңғы кездері 31 желтоқсан мен 1 қаңтар күннен-күнге көмескіленіп бара жатыр. Біздің елімізде басқа да ұлт өкілдері тұрады. Дүниежүзінің тарихы батыстың тарихы болғандықтан Жаңа жыл да тойлану керек шығар. Бірақ Қазақстанда 22 Наурызды тойлауға, ұлықтауға баса назар аудару керек”, – деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ, мәжілісі депутаты Генадий Шиповских бұл күнді заңнамалық тұрғыдан қарау керектігін айтты.
“31 желтоқсан жұмыс күні халықтың ыңғайына қарай кейбір мекемелер жартылай жұмыс күні, кейбірінде толық жұмыс күні болады. Заңнамалық тұрғыдан қарау керек деп ойлаймын”, – деді дептутат.
Елімізге белгілі кәсіпкер, Ырза Тұрсынзада Жаңа жыл мейрамын сақтап қалу керек дейді. Мерекені бүкіл әлем тойлап жатқанда, қазақстандықтардың жұмыс істеуіне қарсы.
“Қазақ халқында мейрам көп. Оның бәрі қазақтың дербес тарихына тән мерекелер. Біздің мемлекетіміз бүкіл әлемдік саясат, экономика, мәдениеттен тыс өзі жеке дербес тіршілік ете алмайды. Сондықтан бүкіл жер бетімен етене араласып жатқан қаншама мерекелер бар. Жаңа жыл – ғасырлық мейрам. Сондықтан да, әлем аясында сырт қалмай, осы 31 желтоқсанды мейрам деп қабылдап, демалыс жариялануы керек. Бүкіл әлем 31 желтоқсан күні демалып жатқанда, қазақ елінің еңбек етіп жатқаны мүлдем үйлеспейді. Жаһандануға ілесіп, қоғамның, елдің дамуына әсер ететін, бірліктің бітімгері болатын мейрамдар бар. Соның бірі – Жаңа жыл. Оны алып тастап, бүйректен сирақ шығарып, адамзаттан сырт қалу дұрыс емес деп ойлаймын”, – деді Ырза Тұрсынзада.
Кәсіпкер Мәдина Әжікенова да желтоқсанның соңғы күні мереке күндері қатарына қосылғанын қалайды. Себебі жаңа жылдық көңіл күйді сезіну керек, дейді.
“Егер елімізде 31 желтоқсанды мереке күні деп жариялайтын болса, мен оны қолдар едім. Себебі әйел болғаннан кейін отбасымызда дайындық керек. Ол күні жолда да кептеліс болады, жұмыс күні болған соң үйге кеш қайтып жататын кездер жиі кездеседі. Демалыс күні болса қажетті азық-түлігімізді алып, Жаңа жылға дайындалатын едік”, – дейді «Бөбек Медина» ЖШС құрылтайшысы Мәдина Әжікенова.
Мереке қарсаңында сыйлық іздеп сабылатындар, азық-түлік алып қалтасынан қағылатындар көбейеді. Кейбір бизнес иелері дәл осы күні тынбай еңбек етіп, пайда табатындарын жасырмады.
“Бұл күні бәрі дайындалып, сыйлық іздеп дүрбелеңге түседі. Біз кәсіпкер болғандықтан, жұмыс күні болғанын қалаймыз. Ал мемлекеттік мекемелер үшін демалыс берілгені дұрыс. Себебі бәрі бір-біріне сыйлық алады, туыстарына құттықтап барғысы келеді. Демалыс күндері 1, 2 қаңтармен қоса, 31 желтоқсан демалса жақсы еді. Бірақ біз секілді сыйлық сататын дүкендер үшін 31 желтоқсан күні қарбалас жұмыс күніне айналады, – деді “Әдемі-ай” ұлттық кәдесыйлар компаниясының басшысы Бахаргүл Төлеген.
Жаңа жылды асыға күтетін жандардың қатарында кәсіпкер Самал Айтхожина бар. Отбасының ұйытқысы 31 желтоқсанды мереке күні деп жариялауды қолдайды. Себебі осы күні әйелдер қауымы үйлерінде дастархан әзірлегені жөн деп санайды.
“Жаңа жыл қанымызға сіңген мейрамдардың бірі. Бала-шағамыз Аяз атаны күтеді, үлкендер бір-бірін құттықтап, сыйлық жасайды, қонаққа барады. Ол күні ерекше дастархан дайындап, жақындарымызға жақсы тілектер арнаймыз. Барлығы дүкендерде азық-түлік, сыйлық алып қарбаласпен жүреді. Жұмыс істейтін жандар үшін барлығына үлгеру қиын.
Сондықтан, 31 желтоқсан демалыс күні болуы керек. Әйелдер отбасына жылулық сыйлайтындықтан, үйінде болғаны дұрыс. Бұл күн ел күнтізбесінде мереке күні болып жарияланса, құба-құп”, – дейді Адамгершілік және эстетикалық білімді дамыту орталығының басшысы Самал Айтхожина.