Елдегі қалалардың жылу жұйесіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймаққа енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлім етті.
«Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойныша құрылған арнайы комиссия жұмысы аясында 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. «Қызыл» аймаққа – 19, «сары» аймаққа — 11, «жасыл» аймаққа – 7 ЖЭО кірді», — деді министр.
Ведомство басшысы ЖЭО-ларды тәуекел аймақтар бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілгенін айтты.
«Бірінші – жабдықтың тозуы. Оның орташа тозу көрсеткіші – 66 пайыз. Бұл ретте Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Елдегі ЖЭО-ның орташа жасы — 61. Оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76% 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр стансаларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5% артты», — деді Болат Ақшолақов.