Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындали Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде борышкерлерге арналған банкроттықтың үш рәсімі жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңына қол қойды. Ол банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдында мерзімі өткен берешегі бар және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген борыштардың басқа да түрлері бойынша ҚР азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты туындаған қатынастарды реттеуді көздейді. Бұл Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Бұл дегеніміз — қарызы бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады деген сөз», — деді Заңғар Шындали.
Спикердің айтуынша, заңның қабылдануы берешек несиелерін есептен шығару акциясы емес, бұл — бірқатар салдары бар соңғы шара.
Спикер сондай-ақ борышкерлерге банкроттықтың үш рәсімі қолданылатынын мәлімдеді.
«Қарыз сомасына қарай борышкерлерге банкроттықтың үш рәсімінің бірі – сот банкроттығы, соттан тыс және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қолданылады. Барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі анықтайды», — деді спикер.
Оның айтуынша, алғашқы рәсім – соттан тыс банкроттық.
«Ол банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы 1600 АЕК-тен (5,5 млн теңге) аспайтын, 12 ай ішінде өтелмеген борыштар бойынша ғана қолданылады. Мұнда келесі шарттар сақталады: Ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, мүліктің меншік құқығында болмауы; Борышкерге қатысты өтініш берілген күні 7 жыл ішінде соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылмағаны; Борышкер мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша шараларды қабылдауы», — деді спикер.
Соттан тыс банкроттыққа 5 жылдан астам қарызын өтемеген тұлғалар да жүгіне алады. Бұл ретте, жоғарыда аталған шарттар мұндай борышкерге қолданылмайды. Алты ай бойы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын борышкер осы рәсімді қолдануға өтініш бере алады. Соттан тыс банкроттықты Мемлекеттік кірістер органдары қарайды.
Кредиторлар тізбесін, берешек сомасын, сондай-ақ банкпен немесе микроқаржы ұйымдарымен борышты реттеу туралы құжаттарды қоса бере отырып, Электрондық үкімет порталы, «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру арқылы іске асырылады.
«Екінші түрі – сот банкроттығы. Оны 1600 АЕК-тен астам және қарыздың қалған түрлері бойынша борышкер азаматтар қолдана алады. Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүлкі есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады. Сот банкроттығы процесінде кредитордың тек кепілді мүлікті, оның ішінде жалғыз тұрғын үй болып табылатын мүлікті алып қоюға құқығы бар. Осы рәсімді қолдану барысында борышкерге төмендегілер тыйым салынады: Мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасау (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру); Шетелге шығу. Осы рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі», — деді Заңғар Шындали.
Сот банкроттығы рәсімін жүзеге асыруды қаржы басқарушылары (заңды тұлғалар мен ЖК банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер; кәсіби бухгалтерлер; заң консультанттары; аудиторлар) жүргізеді. Қаржы басқарушыларының қызметтері ақылы және қызметтерге ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (айына 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге), мүлкі жоқ, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметтері тегін болып табылады.
«Үшінші түрі – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, ол тұрақты табыс болған жағдайда 5 жылға дейін қарызды бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Борышкер үшін жалғыз шарт – қарыз мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Бұл рәсімнің артықшылығы — одан кейін жеке тұлға «банкрот» мәртебесіне ие болмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды, сондай-ақ шетелге шығуға шектеулер жоқ.