Қыс басталғанда гүл егіп жүрген шымкенттіктер көпшілікті таң қалдырды, деп хабарлайды Kazinform.
Әлеуметтік желіде көшедегі гүлзарға гүл егіп жүрген жұмысшылардың видеосы тарады. Видео авторының айтуынша оқиға Шымкент қаласында түсірілген.
«Бұл Шымкент. 1-ші желтоқсан күні гүл егіп жатыр. Қастарында гүл толы үлкен көлік тұр. Бұларда көктем келгені жайында арнайы хабар бар немесе қалаға құрметті қонақ келе жатыр. Соған қаланы сәндеуде», — дейді автор.
Ал, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС мамандары қазіргі уақытта қала гүлзарларына «Виола» сортты гүл егіліп жатқанын мәлімдеді.
«Виола» гүлі төмен температураға шыдамды келеді. Сондай-ақ, ол көпжылдық өсімдік, аязға да төзімділігі жоғары. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сәндік көркін жоғалтпайды», — делінген «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС ұсынған ақпаратта.
Ал, желідегі видеоға пікір жазушылар екіге бөлінген. Бірі таңқалысса, енді бірі қыста гүл еккен шымкенттіктерді сынап жатыр.