Мемлекет шығынды түгел өтейді – Президент су тасқынынан келген зардап жайында

0 2

 Бірқатар аймақ инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.

«Кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын білесіздер. Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр», — деді Президент.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілгенін атап өтті. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатқанын, қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алғанын атап өтті.

«Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалатындығын айтты.

«Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды», — деді Мемлекет басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.