Әскери күштен дипломатия басым – сарапшы Қазақстанның халықаралық саясаты туралы

0 30

Мемлекеттің тұтастығы үшін тек ішкі тыныштық емес, сырттағы елдермен – алыс-жақын көршілермен де ынтымақтастық маңызды. Бұл тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес» деген болатын. Осы позицияны ұстаған басшы халықаралық аренада қандай месседждер айтып, қандай шараларда маңызды мәселелерді көтерді? Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықтағы қызметінің басқа президенттердің әрекетінен несімен артық? Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

«Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес»

Мемлекет басшысы осыдан 2 жыл бұрын Шымкент тұрғындарымен кездескенде сыртқы саясаттың маңызы мен ішкі тыныштықтың артықшылығы туралы сөз қозғаған. Сонда Президент «сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырғанымызды» айтты.

Алпауыт мемлекеттердің санкциялық текетіресі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай күрделі кезеңде халықтың ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз. Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес. Сондықтан, сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырмыз. Бұл ұстаным халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады және еліміздің түпкі мүддесіне сай келеді. Ал ішкі саясатта бірлік пен татулыққа баса мән беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

COVID-19, елдегі саяси дағдарыс, көршілердің қарулы қақтығысы қатар келді

Жалпы кейінгі 5 жылда ешкімге оңай болған жоқ. COVID-19 пандемиясынан бастап, көрші елдердің арасындағы әскери қақтығыс та айналадағы елдердің экономикасы үшін ауыр соққы болды. Дегенмен Қазақстан халықаралық қарым-қатынаста көпвекторлы саясатын жалғастырып жатыр. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік басқармасының басшысы Дәурен Әбен еліміздің дипломатиясының басты басымдығы ұлттық мүддені қорғау болғанын атап өтті.

Дәурен Әбен
Фото: Дәурен Әбеннің жеке мұрағатынан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімі бүкіл әлемдегі күрделі кезеңге тап келді – COVID-19 пандемиясы, ел ішіндегі саяси дағдарыс, Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс, жетекші державалар арасындағы текетірес. Халықаралық аренадағы құбылмалы ахуал Қазақстанның тұрақты дамуына қауіп төндіретін бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен тәуекелдерді тудырып отыр және бұл жағдай ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, – деді Дәурен Әбен.

Өзі бастаған көпвекторлы саясат

Осындай жағдайда Президент Тоқаев өзі бастаған көпвекторлы саясатты жалғастырып жатыр. Еліміздің көпвекторлы, теңгерімді және прагматикалық дипломатиясының басты басымдығы – ұлттық мүддені қорғау, ал ол – қауіпсіздік, егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты, сондай-ақ экономикалық даму үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Тоқаев президент қызметінде сыртқы саясаттың барлық саласында екіжақты және көпжақты форматтағы қарым-қатынастарды кеңейтуге және тереңдетуге тырысты, бұл ең алдымен Қазақстанның халықаралық субъективтілігін күшейтуге, сондай-ақ ол мемлекеттігіміздің одан әрі нығаюына ықпал етеді, – деп атап өтті сарапшы.

Орталық Азиямен ынтымақтастық

Спикердің айтуынша, Президент Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударды. Соның нәтижесінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникация, су-энергетика және гуманитарлық салаларда бауырлас елдермен өзара іс-қимыл кеңейіп келеді.

Мемлекет басшысы аймақтың өз мәселелерін дербес шешуге қабілетті екеніне бірнеше рет сенім білдірді. Жақында Сингапурде сөйлеген сөзінде Орталық Азия елдерінің адами капиталы, табиғи ресурстары мен транзиттік әлеуетін қоса алғанда, өсім үшін үлкен мүмкіндіктері барын атап өткені кездейсоқ емес. Бұл ретте Орталық Азия бестігі бірлескен күш-жігердің арқасында аймақтан тыс серіктестермен ынтымақтастықтың «ОA+» форматын айтарлықтай нығайтты, – деп атап өтті Дәурен Әбен.

Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ

Тамызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы консультативтік кездесуі өтеді. Онда «Орталық Азия – 2040» өңірлік ынтымақтастықты дамыту стратегиясын қабылдау, сондай-ақ 21 ғасырдағы Орталық Азияның дамуы үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық шартына қол қою рәсімін аяқтау күтілуде.

Сарапшы осы саммит көздеген мақсатына жететін болса, бұл біздің өңірді топтастырудағы күш-жігерімізге қосымша серпін беретінін айтты.

Президент түркі әлемінің интеграциясы бағытын жалғастыруға, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы өзара тиімді іс-қимылды дамытуға, соның ішінде Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келіссөздер алаңын қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөледі. Президент Қазақстанның жаһандық ойыншылар арасындағы текетірестің тарапына айналмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Елдің жоғары мүдделеріне сай келетін әлемнің жетекші державаларымен прагматикалық қарым-қатынастарды сақтау – оның жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі аса күрделі геосаяси жағдайда Ресей, Қытай, АҚШ және ЕО елдерімен стратегиялық әріптестікті сақтауымыз Тоқаевтың талпыныстарының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді, – деп толықтырды спикер.

Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы ұсыныстары

Сонымен қатар Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессияларына қатысуы оның сыртқы саяси бастамаларын, еліміздегі демократиялық өзгерістерді ұйым басшылығы қолдайтынын көрсетеді.

Тоқаев БҰҰ сессиясында
Фото: Ақорда

Тоқаев Қазақстан атынан көпжақты платформаларда белсенді дипломатия жүргізіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін (ҚК) жан-жақты реформалау және мемлекеттердің әділ пропорционалды өкілдігі туралы айтты. Қазақстандық дипломаттардың күш-жігері ЕҚЫҰ-дағы күрделі жағдайдан шығуға және осы ұйымның бірқатар құрылымы басшыларының мандатын ұзарту бойынша консенсусқа қол жеткізуге ықпал етті, – деді Дәурен Әбен.

Бұған қоса, сарапшының айтуынша, Дүниежүзілік климат саммитінде еліміз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммитін шақыру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Ал Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің екінші конференциясында Қазақстанның ядролық қару сынақтарынан зардап шеккендерге көмек көрсету және радиациямен ластанған аумақтарды қалпына келтіру туралы бастамасы қолдау тапты. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрақты өкілі Қазақстан БҰҰ-ға Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартының үшінші конференциясының төрағасы болып сайланды.

Халықаралық ұйымдарға төрағалық Қазақстанға не береді?

ҚСЗИ сарапшысы Қазақстанның халықаралық қатынасындағы тағы бір маңызды істі атады. Оның сөзінше, Қазақстанның сыртқы саясаты белсенділігінің тағы бір көрінісі халықаралық және өңірлік ұйымдарға төрағалық ету арқылы еліміздің сыртқы саясаты мен сыртқы экономикалық басымдықтарын ілгерілету болды.

2024 жылы Қазақстан бірқатар ұйымдарға – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына және Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық етеді. Төрағалық Қазақстанға қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму бойынша жаһандық және аймақтық күн тәртібіне ықпал ету мүмкіндігін береді, – деп толықтырды ол.

Биыл 6 ұйымға төрағалық ететін Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады

Халықаралық биоқауіпсіздік агенттігі

Осы орайда, сарапшыдан Мемлекет басшысының әлемдік платформалардағы қай сөздеріне ерекше мән беру керек деп сұрадық. Ол, ең алдымен, Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларындағы ұсыныстарын атап өтті.

Ол БҰҰ реформасы бойынша ұсыныстармен қатар адамзат алдында тұрған негізгі мәселелер бойынша жан-жақты халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған идеялар мен бастамаларды алға тартады. Қасым-Жомарт Тоқаев, пандемия шарықтау шегіне жеткенде, 2020 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастарында бейнеүндеу форматында сөйлеген сөзінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құруды ұсынды. 2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігін «орта державалар» мен дамушы елдерді қамту үшін кеңейтуге шақырды, бұл оларға жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен рөл атқаруға мүмкіндік береді, – деді Дәурен Әбен.

Сонымен бірге, Тоқаев ядролық қаруды қолдану қаупі артып келе жатқанына назар аудара отырып, БҰҰ-ның 100 жылдығына орай 2045 жылға қарай қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында ядролық қарудан толық бас тартудың жаңа механизмі ретінде Стратегиялық жоспар қабылдауды ұсынды.

Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары өңірлік орталығын құру

2019 жылдың қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында Мемлекет басшысы Алматыдағы Халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары өңірлік орталығын құру бастамасын көтерді. Бұл бастаманы Орталық Азияның барлық мемлекеті мен Ауғанстан толығымен қолдайды. Сарапшыдан бұл бастаманың Орталық Азия және Ауғанстан үшін қаншалық маңызды екенін сұрадық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі кезеңде Орталық Азия елдерінің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды аймақтық байланыстарға белсенді түрде тарту және осы елдегі мемлекеттіліктің қалыптасуының күрделі үдерісіне қолдау көрсету. Президент бірнеше рет Ауғанстанның болашақтағы тұрақтылығы оның экономикалық дамуына байланысты екенін айтқан.

Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне көмек көрсету мандаты бар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша аймақтық орталығын құру тек аймақ елдерінің ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың мүдделеріне сай келеді.

Бұл Орталық Азия елдерінің Кабулмен қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге көтереді, Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізуді оңтайландырады, климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ресурстарын тиімді пайдалану, шекараны делимитациялау, аймақішілік сауданы кеңейту мәселелерін шешуге, терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске көмектеседі. Мұндай өзара іс-қимыл Ауғанстанның «ашылуы» үшін жағдай жасауға және Талибанмен басқа мәселелер бойынша, соның ішінде гендерлік теңдік пен әйелдер құқығына қатысты диалогтың басталуына әкеледі, – деді ҚСЗИ сарапшысы.

Тоқаев әскери күшке емес, дипломатияға басымдық береді

Сарапшы сөзін қорытындылай келе, «тәуелсіздік жылдарында еліміз әлемдік аренада өзін жауапты, бейбітсүйгіш және сенімді серіктес ретінде көрсете білді» деген пікір білдірді. Ал, Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде жаһандық турбуленттілік пен геосаяси тұрақсыздық жағдайында халықаралық қоғамдастық Қазақстан сияқты теңгерімді де сындарлы саясат жүргізіп отырған мемлекеттер сұранысқа ие екенін түсінеді. Дәурен Әбеннің айтуынша, Президентіміз халықаралық құқықтың үстемдігін және барлық мүдделі тараппен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуді әрқашан бірінші орынға қояды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші державалар арасындағы бәсекелестік, қақтығыстар шегіне жетіп, әлемді өзін-өзі жоюдың қауіпті нүктесіне апаруы мүмкін екенін түсінеді, сондықтан барлық кезеңде ол әскери күштен дипломатияның басымдығын, конфронтациядан диалогтың артықшылығын атап көрсетеді. Сондықтан да Қазақстан ядролық қарусыздану және қару-жарақты бақылау саласындағы белсенді саясатты ұстанатын болады және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, жанжалдарды реттеуге бағытталған жаңа бастамалармен шығуды жалғастырады, – деп түйіндеді Дәурен Әбен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.