Сенат бір күнде екі рет жалпы отырыс өткізеді

0 2

Бүгін Сенат екі рет жалпы отырыс өткізеді. Түске дейін депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата есебін тыңдап, түстен кейін бірқатар заңды талқыға салады.

16 маусымда өткен палата бюросында бүгінгі жалпы отырысқа шығарылатын мәселелер талқыға салынған еді. Сол кезде бекітілген күн тәртібіне сәйкес, сағат 10-да басталатын отырыста Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалады. Ал сағат 14-00-де басталатын отырыста сенаторлар мына заңдарды қарайды:

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жөнінде.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жөнінде.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жөнінде (бірінші оқылым).
Айта кетерлігі, кеше Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата есебін тыңдаған болатын. Сол кезде Үкімет атынан есеп берген Қаржы министрі Мәди Такиевің айтуынша, өткен жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,8% болды. Бюджет түсімдері 98% орындалып, шамамен 20 трлн теңге түсті. Шығыстар 23 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3 трлн 649 млрд теңгеге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайыз болды. Инфляция деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 9,8 пайыздан 8,6 пайызға дейін төмендеді.

Жалпы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді Үкімет толықтай орындады. Оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге қаражат бөлінді. Үкімет резервінен өңірлердегі ауқымды мәселелерге де бюджеттік қаражаттар жұмсалды. Атап айтсақ, су тасқынын жою, жылу көздері мен желілерін жаңғырту, «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі» ұлттық жобаны іске асыруға тиісті қаражат бөлінді.

Ал Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов холдингтердегі активтерді ұтымсыз басқару фактілеріне жол беру жалғасып келе жатқанын айтты.- Мәселен, «Бәйтерек» холдингінің компаниялары жеңілдікпен берілетін ресурсты түпкілікті алушыларға жеткізу мерзімін ұзаққа созады. Жобаларды іріктеу процесі жеткілікті деңгейде ашық емес. Мәлімделген KPI-ға жетпеген немесе қарсы міндеттеме мүлдем қарастырылмаған жобаларға қолдау көрсетілген. «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын тау-кен, металлургия және өнеркәсіп салаларындағы 13 жобаны тоқтатқан, — дейді ол.

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата есебін талқылау кезінде Қазақстан халық партиясы мен «Ақжол» партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағалары өз фракиялары Үкіметтің есебін қабылдаудан бас тартатындарын мәлімдеді. Жалпы отырысқа қатысқан 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17 депутат қарсы дауыс берді, тағы 2 депутат қалыс қалды.

— Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер туындап отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек. Сөз соңында бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады, — деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Сенаторлар қарауына шығарылған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды Мәжіліс 11 маусымда мақұлдаған болатын.

Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:

қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,
залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.
Рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, яғни барлығы 15 мың адам қамтылады. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың сотталған, барлығы 4 мың 100 адам бостандыққа шығады.

Сенаторлар талқылауына шығарылып отырған «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ауқымды мәселелерді қамтиды. Сол арқылы заңдарды артық нормалардан босату және заңға тәуелді актілер деңгейінде елде туындайтын өзгерістерге олардың нормативтік реттеу бөлігінде жедел ден қою көзделіп отыр. Атап айтқанда, есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды күшейту тетіктері және басқа да жаңа нормалар қарастырылған.

Ал Сенат бірінші оқылымда талқылайтын орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы заң жобасының негізгі нормалары мынадай:

ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыс жайларын және селден, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғау құрылыс жайларын салу, сондай-ақ олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беру;
ауылды елді мекендердің немесе әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыруға;
қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу;
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесін уәкілетті органның белгілеген тәртіппен шешуі.
Депутаттар талқыға салған әр мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған спикерлер БАҚ өкілдерінің алдына шығып та олардың тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді. Ал жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар Үкімет мүшелерінің атуына депутаттық сауал жолдауы мүмкін.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.