Елорда көшелерінің біріне Марко Поло есімі беріледі. Бұл туралы Ақордада Италия Президенті Серджо Маттарелламен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Италия Қазақстанның ең ірі үш сауда серіктесінің бірі болып қала береді. Экономикалық ынтымақтастығымыз өте қарқынды әрі одан ары өсімге де мол әлеует бар. Біз Италияның Қазақстанға экспорт көлемін ұлғайта түсу жоспарын қолдаймыз. Соңғы 20 жылда Италия біздің экономикамызға 7,5 млрд доллар инвестиция салды және нарығымызда табысты жұмыс істеп тұрған 250 италиялық компания бар. Аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік пен логистика, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, жасанды интеллект, қаржы, туризм, білім сынды салаларда үлкен мүмкіндік байқап отырмын, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Италия парламенттік деңгейде өзара белсенді іс-қимылды жолға қойып, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтасады. Өткен жылы «Орталық Азия — Италия» бірінші саммиті табысты өтті.
— Елдеріміз мәдени және гуманитарлық салада белсенді ынтымақтастықты қолдайды. Сонымен қатар Астананың орталық көшелерінің бірі Италия халқының даңқты ұлы Марко Полоның атымен аталатындығын хабарлайтыныма қуаныштымын. Бұл Италиямен тығыз достық байланысымыздың символына айналады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелланы қарсы алды.