Елорданың үш ауданында құрбандық шалатын орындар бекітілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда қала әкімдігі құрбандық шалуға болатын 7 орынды бекітті. Яғни, олардың бәрі де тиісті талаптарға сай орындар. Осы 7 нүктеде қала бойынша құрбандық шалу рәсімдері өтеді», — деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының бөлім басшысы Әділет Төлеутаев елорда әкімдігінің баспасөз орталығында.
Оның айтуына қарағанда, құрбандық шалудың бекітілген ережелерін ескере отырып, 5 тамыздан бастап Әзірет Сұлтан мешітінде қасапшыларға арналған оқыту семинарлары өткізілуде. Имамдар Шариғат заңы бойынша, ал тиісті мамандар санитарлық нормалар бойынша қасапшыларды оқытып жатыр. Тренинг 11 тамызға дейін жалғасады.
«Осы уақытқа дейін мал соятын 7 орынға тексеру жұмыстары жүргізілді. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелеріне сай келуіне тексеріс өткізіліп, олардың мал союға дайын екені белгілі болып отыр. Мереке қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мал етін тарату жұмыстары жүргізіледі. Көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. 11 тамыз күні көмекке мұқтаж отбасыларға құрбандыққа шалынатын мал еті күйінде көмек көрсетіледі», — деді Әділет Төлеутаев.
Басқарма өкілі өз сөзінде қала бойынша мал бағасының негізсіз көтерілуіне жол берілмейтінін айтады. Бұл ретте әкімдік тарапынан қатаң бақылау қолға алынбақ. Осы мақсатта мал базары басшылықтары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бекітілмеген орындарда да малдың сойылмауына ерекше маңыз беріледі.
Нұр-Сұлтандағы негізгі құрбандық шалу орындары:
Алматы ауданы
«Метро» сауда орталығы, Астана-Қарағанды тас жолы.
Байқоңыр ауданы
«Нұрбереке-555» ЖШС, Алаш тасжолы 30, Рубиком базары мен Әміре сауда үйінің ортасы;
«Шаушен» шаруа қожалығы, Астана-Павлодар тасжолының 9-шы шақырымы;
«Темеш» шаруа қожалығы, Астана-Софиевка тасжолының 7-шақырымы.
Есжанов жеке кәсібі, «Жайлау», Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі;
Сарыарқа ауданы
«Ұлжан» әмбебап базары (бұрынғы Саянұр).
Есіл ауданы
«Алтын-Таға» базары Қосшы ауылының алды,
Айта кетсек, Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталатын Құрбай айт та жақындап келеді. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбандық шалу барысында орындалуы тиіс талаптарды атаған болатын. Биыл мерекенің алғашқы күні 11 тамызға сәйкес келеді.