Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың арнайы өкілі Петер Бурианды қабылдады

0 14

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы Арнайы өкілі Петер Бурианды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесу барысында тараптар Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақтың жаңа стратегиясы аясында, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады.

«Қазақстан сыртқы экономикалық және инвестициялық әріптесі — Еуропалық Одақпен жан-жақты және көп бағытты өзара іс-қимылдарды дамытуға үлкен мән береді», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйенді, Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельді және Еуропалық орталық банк төрағасы Кристин Лагардты жоғары лауазымдарға сайлануымен құттықтап, ЕО басшылығының жаңа «үштігімен» ашық және сенімді диалог тараптардың саяси және экономикалық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Петер Бурианның пікірінше, Мемлекет басшысының Қазақстанды жаңғырту жөніндегі бастамалары мен басымдықтары азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен заң үстемдігінің жалпы қабылданған принциптерін басты назарда ұстап, елдің даму тарихында жаңа кезеңге бастайды.

Еуропалық Одақтың арнайы өкілі халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға, оның ішінде Орталық Азия мен Ауғанстандағы біздің еліміздің рөлі мен үлесін жоғары бағалады.  «ЕО-ның Орталық Азиядағы Арнайы өкілі Петер Бурианды қабылдадым.

ЕО-ның ОА бойынша жаңа Стратегиясы аясында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқыладық. Еуроодақтың жаңа басшылығы Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі екендерін білдірді»,-деп жазды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің twitter-дегі парақшасында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының халықаралық ұйым өкілін қабылдайтынын осыған дейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлаған болатын.

Дереккөз: https://www.inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.