Алматыдағы үш адамды ағайынды екі жігіт қаққан.Олар мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күдіктілердің анасы Нәзира Әлікееваның айтуынша, ұлдары Жандос пен Дінмұхамед кафеге туысқандарының туған күніне барған.
«Мен өз ұлдарымды білемін ғой. Олар ақ көңіл, адамгершілігі мол балалар. Әрине, жас болған соң қызу қанды, бірақ ерсіз қылық, оғаш мінез көрсеткен емес. Сол түні олар туған күнге барған. Балаларыма 13 еркек өздері келіп тиіскен. Ерегестің себебі, қыздар болу керек. Ол туралы енді анық айта алмаймын. Десекте, олар өздерін қорғағысы келген. Менің балаларым олардан жоқ дегенде 10-15 жас кіші. Ұрып соғуды солар бастаған. Егер қатты зардап шексе, жәбірленуші болса, онда неге олар полицияға әлі арыз түсірмеген. Мен ақиқатын анықтауға бар күшімді саламын»,- дейді күдіктілердің анасы Назира Әлікеева.
Бұл оқиға болған күдіктілердің анасы басқа қалада жүрген.
«Мен үйде болмадым. Кеше түнде келдім. Қазір полицияға барам. Қорғаушы жалдаймын»,— дейді күдіктілердің анасы.
Назира Әлікееваның айтуынша, ол екінші ұлының қайда жүргенін білмейді.
Күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке ұсталған болатын. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, 1995 жылы туған А. есімді азамат. Ол, ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті Toyota Camry маркалы автокөлігін басқарған.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған қақтығыстан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Бұл шулы оқиғаға қатысты Полиция толық ақпарат берді. Зардап шеккендердің денсаулығы туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып тәркіледі. Екі көлікті айғақзаттар ретінде ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркеді.