Жамбыл облысында 15 талапкер магистратураға түсу емтиханынан шеттетілді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің алдын алу және парасаттылық басқарма басшысы Даурен Омаров айтып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА аталған ведомстваның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облысымызда 2019 жылдың 10-14 тамызы аралағында магистратураға түсу үшін талапкерлер кешенді тестілеуден өтті.
Тестілеу жұмыстарына департамент қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ өкілдері және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бақылаушы болып қатысты.
Айта кетейік, емтихан тестілеуіне қатысқан 778-і талапкерден, кірер алдында 517 ұялы телефон, 80 шпаргалка, 6 корректор алынған. Кешенді тестілеудің жалпы нәтижесі бойынша 15 студент емтихан барысында ұялы телефон қолданғаны үшін тестілеу залынан шеттетіліп, акт толтырылып, тестілеуге қатысудан босатылды.