29 қараша күні Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшылары екінші консультативтік кездесу алаңында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Назарбаев пен Мирзиеев ОА басшылары екінші консультативтік кездесуі аясында келіссөз жүргізді. Өзбекстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстан Республикасына келуімен құттықтап, Өзбекстанның аймақ елдері көшбасшыларының кездесуін өткізу бастамасына көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтеріліп, нақты практикалық мазмұнға толы екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен алғаш рет 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерін өткізу — аймақтағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара әрекеттесудің нақты жобаларын алға жылжыту үшін тиімді алаңға айналғанын тілге тиек етті. Көшбасшылар кездесуде екіжақты қарым-қатынас, күн тәртібіндегі жаһандық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Еске салайық, кеше ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Орталық Азия мемлекет басшылары екінші консультативтік кездесуіне қатысу үшін Ташкентке іс-сапармен барды.