Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

0 0

Алматыда Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенованың мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды  «ZhambylNews» АА    ҚазАқпаратқа сілтеме жасап..

Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрына Бибігүл Төлегенованың туыстары, саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мәдениет пен өнер өкілдері жиналды. Қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенованы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құтықтады.

«Бүгін — баршамыз үшін ерекше күн. Себебі өмірі өнерге, өнері өмірге айналған аяулы Бибігүл апайымыз қуанышын бізбен бөлісіп отыр. Қазақтың кәсіби ән өнері дегенде біздің ойымызға бірден Күләш Байсейтова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және бүгінгі той иесі Бибігүл Төлегенова оралады. Табиғи таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында өнердің шыңына шыққан, халқының шынайы махаббатына бөленген Бибігүл апамызды осыдан 10 жыл бұрын Павлодар облысының әкімі болып отырған кезімде құттықтап, батасын алып едім. Бүгін ару Алматының сол кісіге деген ыстық ықыласын жеткізу бақыты тағы да маған бұйырып отыр. Мен үшін бұл ерекше қуанышты сәт. Бүгінгі той тұтастай қазақ өнерінің мерекесі. Той баршаңызға құтты болсын!» — деді Бақытжан Сағынтаев.

Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған шығармашылық кешке ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысып, жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

«Осыдан тура 19 күн бұрын еліміздің ордасы, Нұр-Сұлтан қаласында тамаша кеш бердіңіз. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Астана Опера» театрында өткен мерекелік шарада қазақстандық танымал опера әншілері, ізбасарларыңыз, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары ән шырқап, мерейіңізді тасытты. Әрдайым осылай абырой биігінде болыңыз, Сіз асқар шыңға шығудың, шыққан соң сол биікте мәңгілікке қалудың озық үлгісін көрсеткен біртуар талант иесісіз! Сіз тағдыр талайыңызда сан түрлі қиындықты көрген, қандай сәтсіздікті болсын парасаттылықпен, ақылмен еңсере білген кемеңгер аңыз адамсыз. Енді сол бейнетіңіздің зейнетін көріп, ортамызда жөн сілтер, бағдар берер ақылманымыз болып аман жүріңіз»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.