Коронавирустың таралу қаупіне байланысты ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар жұмысын тоқтатады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сауда орталықтары, соның ішінде базарлар жұмыс істейтін болады. Мемлекет халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар жұмысын тоқтататын болады. Бұл оңай мәселе болған жоқ. Фильм аз дегенде бір сағат көрсетілетінін білесіздер. Ғимарат ішінде көптеген адамның бір уақытта ұзақ болуы көптеген сұрақ туындатты, сол себепті осындай шешім қабылдадық», — дейді Ералы Тоғжанов.
Еске сала кетсек, ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялауына орай елімізде бірқатар шара қабылданды.