Қазақстанда мамырдың алғашқы күні, яғни бүгін жылдағы дәстүр бойынша бірлік күні аталып өтеді, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап .
Кез келген мерекенің өз тарихы бар. Сол секілді бірлік күнінің де мерекелер қатарына қосылуының тарихы осыдан 130 жыл бұрынғы оқиғалармен тікелей байланысты. Мереке әу баста 1889 жылдан бастап Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде аталып өте бастаған. 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-та жұмысшылар 15 сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, жұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді талап еткен екен. Ереуілге қатысқан жұмысшылар тұтқындалып, кісі шығыны да тіркеледі. Алайда 1889 жылдың маусымында Париждегі 2 Интернационалдың 1 Конгрессі 1 мамырды — 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарған.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес бірлік күні елімізде 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын да Елбасы көтерген болатын.
Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды. Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Қазақстан өзге мемлекеттердей ұлттық өктемдікті танытып отырған жоқ. Бірлікті ту етіп, этностардың құқығын қорғауда ұсақ ұлттарға өзге елдерде жоқ жеңілдіктерді көрсетіп келеді. Украин немесе ұйғыр тіліндегі мектептің болуы, корей мен өзбек театрларының жұмыс істеп тұруы — соған дәлел. Яғни, азшылық ұлттың мәдениетін, тілін сақтау міндетін мемлекеттің өзі мойнына алып отыр.
Біздің еліміздегі 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде өтеді. Ал 108 мектепте Қазақстан этностарының 22 тілі жеке сабақ ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілдегі 35 баспасөз бар. Телеарнада 11 тілде бағдарлама шығып жатыр. 14 орыс театры бар. Өзбек, ұйғыр және корей театрлары жұмыс істеп тұр. Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы «мұндай тек біздің елде ғана бар». Жылдағы дәстүр бойынша бірлік күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда, барлық облыс орталығы мен аудан-ауылдарда шерулер мен фестивальдар өтіп жататын. Алайда биыл коронавирус инфекциясы бүкіл әлем халқын әуре-сарсаңға салып, қалыпты өмірге үлкен ықпалын тигізгеніне куә болып отырмыз. Әйтсе де Қазақстан халқы бүгінгі күні сабыр мен ынтымаққа төр беріп, қиындықты еңсеріп келеді. Халықтың сабыры мен түсінігі, ниеті бір жерден шығып, коронавирус індетіне қарсы жұмылып отыр. Орнындағы іс оңалып, елге қалыпты өмірге қайтып келетін уақыт да тақап қалды.
Бұл – бірліктің арқасы, елдіктің белгісі. Бірлік күні құтты болсын!