Алматы тұрғынына айналған әрбір екінші азаматтың бас қайғысы пәтер мәселесі болар?! Бұл шаһарды он, тіпті, жиырма жылдан астам уақыт мекен етіп жүрсе де, тұрақты баспанасы жоқ жандар жетіп-артылады. Баспаналы болудың бір жолы — ипотека рәсімдеу. Ендеше, 2023 жылы қандай мемлекеттік бағдарламалармен баспана алуға болады?
«7-20-25» бағдарламасы
Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру жалғастырылатын болды. 2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып жатыр. Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бұл бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.
Ипотека «алғашқы» баспанаға, яғни тек жаңа баспананы сатып алуға беріледі.
Заемдардың негізгі шарттары мынадай:
— Жылдық номиналды сыйақы жарнасы – 7%;
— Бастапқы жарна – баспана құнының 20 пайызы;
— Шектік мерзім – 20 жыл.
Сондай-ақ, баспананың шектік бағасы (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау – 25 млн теңгеге дейін; Өзге өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін) әр өңірде әртүрлі.
Ипотеканы алушы мына талаптарға сай болуы керек:
— Қазақстан Республикасының азаматы;
— Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
— Расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы;
— Ипотекалық кредиттерінің болмауы.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық заемдарды екінші деңгейлі банктерден ала аласыз.
«Нұрлы жер»
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 проценттік ипотека алуға болады. Ол Отбасы банк арқылы рәсімделеді. Бірақ осы бағдарламаға тек әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандар және әлеуметтік осал топтарға (көпбалалы отбасы, мүгедектер, жетім балалар, мүгедек баласы бар отбасы және т.б.) кіретін адамдар ғана қатыса алады.
Ипотека шарттары:
— Кредит мөлшерлемесі – 5%;
— Баспапқы жарна – 20%.
Пәтер дайын күйінде беріледі. Оны таңдау мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар үшін салық жеңілдігі қарастырылған. Ай сайын ипотеканы өтеу үшін төленетін сома мөлшерінде жалақыдан табыс салығы ұсталмайды.
«Шаңырақ» шапағаты
Әкімдік кезегінде тұрған адамдар тағы бір конкурсқа қатыса алады. Ол — «Шаңырақ» пилоттық жобасы.
Негізгі шарттары:
— Несие мөлшерлемесі – 5%;
— Бастапқы жарна – 10%;
— Ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.
Бұдан бөлек, отбасының табысына қатысты талап та бар. Оған сәйкес, соңғы алты ай ішінде ипотека алатын отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан (1 күнкөріс минимумы — 36 018 теңге) аспауға тиіс.
Экологиялық төлемдер кіріс болып саналады. Ал жәрдемақылар кіріске жатпайды. Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. Бірақ ең жоғары сомасы белгіленген.
Нұр-Сұлтан мен Алматы, сондай-ақ, осы қалалардың маңындағы аймақтар – ең жоғары сома 18 миллион;
Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент пен Қарағанды қалалары, сондай-ақ, Қарағанды облысында – ең жоғары сома 15 миллион;
Басқа аймақтарда ең көбі 12 миллион;
«Ұмай» ипотекасы
«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы әйелдерге арналған. Онымен 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.
Негізгі шарттары:
— Несие мөлшерлемесі — 13,5% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 14,5%-тен бастап), кейін 5%-ке дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі — 5,2%-тен бастап) төмендетіледі;
— Қарыз алу мерзімі — 6 ай — 25 жыл аралығы;
— Осы уақытқа дейін тұрғын үй бұл бағдарламамен 20 проценттік алғашқы жарнамен берілетін, ол 0%-ға өзгертіліп, жеңілдетілді.
Әскери баспана
Тұрғын үй төлемін алатын әскери қызметкерлер немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін «Әскери баспана» бағдарламасы бар.
Негізгі шарттары:
— Кредит беру мөлшерлемесі – 8%, кейін 3,5%-ке төмендейді;
— Бастапқы жарна – баспана құнының 15% — 50%;
— Несие мерзімі – 25 жылға дейін.
«Елорда жастары»
Негізгі шарттары:
— Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
— Бастапқы жарна – 10%;
— Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
— Несиені қайтару мерзімі – 25 жылға дейін.
Кімдер қатыса алады?
— мұғалімдер;
— дәрігерлер;
— журналистер;
— мәдениет саласының қызметкерлері;
— спортшылар;
— әлеуметтік қызметкерлер;
— коммуналдық сала қызметкерлері;
— полиция департаменті қызметкерлері;
— ТЖҚ қызметкерлері;
— жетім балалар.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
— Қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс.
— Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтанда үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет.
— Үміткердің Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасын бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екені туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).
— Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.
— Қатысушының соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс (ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады).
— Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 209 826 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).
— Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Павлодар облысында «Ертіс жастары» бағдарламасын даярлау жоспарланып отыр.
Қазір Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» (2022 жылдың 30 желтоқсанға дейін) және Абай облысында «Абай жастары» (2023 жылдың 12 қаңтарына дейін) бағдарламасына құжат қабылдау жүріп жатыр.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz