Қазақстанда жаңа кәсіби мереке бекітілуі мүмкін

0
14

Қазақстанда 11 қараша Энергия үнемдеу күні ретінде бекітілуі мүмкін. Мұндай бастаманы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көтеріп отыр, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстанның энергияны үнемдеу жүйесінің негізі 2012-2015 жылдары құрылған болатын. Дегенмен, бұған дейін бұл бағытта жұмыстар жүргізілмеді дегенді білдірмейді. Алайда, энергияны үнемдеу бағытындағы қарымды қадамдар нақты осы кезеңде жасалған болатын», – деді ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев Астанада өтіп жатқан форумда.

Оның айтуынша, Қазақстанда энергияны үнемдеу және энергияны тиімді пайдалану бағытында заң қабылданып, толығымен нормативтік құқықтық база жасалған. Сонымен бірге, Жапонияның үлгісімен энергияны үнемдеу жүйесінің негізгі элементі – Мемлекеттік энергетикалық реестр құрылған.

«Осы жылдың ортасында Инвестициялар және даму министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірге 2500 адамның арасында арнайы сауалнама жүргізген болатын. Сауалнаманың қорытындысы бойынша анықталғанындай, азаматтардың 23 пайызының ғана энергия үнемдеу туралы түсініктері бар болып шықты. Осыған байланысты Бүкіләлемдік банк және «DENA» неміс энергетикалық агенттігімен бірлесе отырып, «Энергиясы тиімді Қазақстан» ақпараттық бастамасын бастап кеттік. Сонымен бірге, осы саланы дамыту аясында еліміздің 12 ірі қаласында «Бірге жарқынбыз» фестивалін өткіздік», – дейді ол.

Тимур Нұрашев атап өткендей, қазақстандықтардың арасында энергияны үнемдеу тиімділігінің пайдасын кеңірек насихаттау үшін тағы да айтулы қадамдар жасалатын болады.

«Келесі жылдан бастап энергия үнемдеуді насихаттау үшін кешенді бағдарламаны іске қосқалы отырмыз. Сонымен бірге, Халықаралық энергия үнемдеу күніне (11 қараша) Қазақстанда кәсіби мереке мәртебесін беруді көздеп отырмыз. Бұл үшін 11 қарашаны Қазақстан Республикасындағы мереке күндері тізіміне енгізу бастамасын көтердік», – деді Тимур Нұрашев.

Еске сала кетсек, Халықаралық энергия үнемдеу күніне орай Астанада алғашқы халықаралық форум өтіп жатыр.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here