Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккендердің алғашқысы баспаналы болды

0 11

Көкшетау қаласында су тасқынынан зардап шеккен екі отбасына пәтер кілті тапсырылды.

Ақмола облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, пәтер кілттерін аймақ басшысы Марат Ахметжанов табыс етті. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан су тасқыны кезінде келтірілген залалды азайту үшін барлық шара қолданылып жатқанын атап өтті.

 Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың қажеттіліктерін шешу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккендердің арасында сіздер алғашқылардың бірі болып баспаналы болып отырсыздар. Отбасыларыңыздың қуанышы ұзағынан болып, бар қиыншылықтар артта қалсын», — деді құттықтау сөзінде Марат Ахметжанов.

Мемлекеттік қордың есебінен көпбалалы Қапаровтар мен Никулиндер отбасы баспаналы болып отыр. Олар бұл пәтерлерді өздері таңдаған, онда қажетінің бәрі бар.

«Президентке біздің мәселелерімізді тез шешкені үшін алғыс айтамыз. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қуаныш, балалар риза, барлығына үлкен рақмет. Біз өз тарапымыздан осы үйде тек қуанышты сәттер болуына тырысамыз», — деді Сәуле Қапарова.

Әкімдіктен атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақмола облысында зардап шеккендерге барлық қажетті қолдау көрсету және азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Өңірде шығындарды өтеу және жою жөніндегі жұмыс тұрғын үй қатынастары туралы қолданыстағы заңнама шеңберінде жалғаса бермек. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығында 174 отбасы 65 млн теңгеден астам сомаға біржолғы төлем алды. Сондай-ақ, материалдық шығындарды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 12 отбасына 8 млн теңгеден астам көлемде материалдық залалды өтеу туралы шешім шығарды.

 Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Бұған қоса, тұрғын үйлердің одан әрі тұруға жарамдылығын анықтау бойынша техникалық тексеріс қолға алынған.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түскенін жазған едік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.