Қазір кәсіпкерлер алкоголь өнімдерінің саудасына рұқсат алу үшін 4 құжат жинаса, жыл соңына дейін электрондық үкімет порталы арқылы арнайы форманы ғана толтыратын болады. Енді лицензия беру мерзімі 15 күннен 1 күнге дейін қысқарады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің құзырындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Биылғы жылдың соңына дейін кәсіпкерлер үшін алкогольдік өнімдерді сақтау, көтермелеп және жекелеп сатуға лицензия алу айтарлықтай жеңілдейді. Қазір кәсіпкерлер алкоголь саудасына төрт құжат жинаса, болашақта тек қана электрондық үкімет порталында мәліметтер формасын ғана толтырып, мемлекеттік баж салығын төлеп, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) қоюы жеткілікті. Ал өзге де қажетті мәліметтерді мемлекеттік орган автоматты түрде тиісті ақпараттық жүйелерден алады», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, олардың хабарлауынша, рұқсатқа қол жеткізу мерзімі он бес жұмыс күнінен бір күнге дейін қысқарады. Ал этил спирті мен темекі өнімдерін шығару лицензиясын алу мерзімі он бес күннен он жұмыс күніне дейін шегеріледі.

Еске сала кетейік, Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда алкоголдік өнімдерді сақтау және жекелеп сату лицензиясының құны 100 АЕК, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарда – 70 АЕК, ауылдық елді-мекендерде – 30 АЕК, сондай-ақ, көтермелеп сату және сақтау лицензиясы 200 АЕК құрайды. Рұқсатты қайта рәсімдеу – лицензия берілгендегі төлемнің 10%, көшірмесін жасату – 100% құрайды.

Дереккөз: Baq.kz 

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here