Әсет Қалиев «AntikorLive» жобасы аясында сұхбат берді

0 15

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалиев Әсет Әскерұлы «AntikorLive» жобасы аясында сұхбат берді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі 30 жыл ішінде айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде өсу мен өркендеудің әр белесін бағындырған елімізде телегей тірліктер жасалып, сырғыған жылдар ағысымен іргелі істер атқарылып келеді», деп өз баяндамасын тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде облысымыздың денсаулық сақтау саласының дамуы жайында сөз бастады.

Атап айтар болсақ, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 1991 жылы — 500 млн теңге бөлінсе, 2021 жылға бөлінген қаражат көлемі — 85,3 млрд. теңгені құрап, 30 жылда 170,6 есе өскен.

Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін өңірімізде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында 32 медицина қызметкері мемлекеттік наградаларды иеленген. Оның ішінде «Барыс» орденімен — 3 (қайтыс болғаннан кейін), «Парасат» орденімен — 1, «Құрмет» орденімен — 5, «Ерен еңбегі үшін»-9, «Шапағат»-14.

ҚР Президентінің ведомствоаралық наградаларымен 265 медицина қызметкері марапатталған. Оның ішінде, «Еңбек ардагері» медалімен — 44, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен — 89, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен — 132.Медицина саласында қызмет атқаратын 17 дәрігер «Құрметті азамат» атағының иегерлері екендігін атап өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Жамбыл облысында денсаулық сақтау жүйесі, соның ішінде педиатрия қызметі бірқатар маңызды оң өзгерістерге ұшыраған.Соңғы жылдары Жамбыл облысында бірнеше балалар денсаулық сақтау нысандары ашылды. Олар — Жамбыл облыстық жұқпалы балалар ауруханасы, салмағы 500 грамм немесе одан жоғары салмағы бар жаңа туған нәрестелерді күту мүмкіндігі бар 2 перинаталдық орталық, «Ана мен баланы аялау» облыстық оңалту орталығы, Жамбыл облыстық балалар ауруханасы, №1 қалалық балалар ауруханасы. 2020 жылдан бастап Жамбыл облыстық көп салалы балалар ауруханасы жанында 120 орындық балалар ортопедия/травматология, нейрохирургия мен неврология бойынша облыстың балаларына емдеу-сауықтыру және оңалту шараларын көрсету бойынша медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істей бастады.

Биылғы жылдан бастап еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, бірқатар жұмыстар іске асырылуда.Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау,алдын алу мақсатында едәуір жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Сөз соңында «Адам мамандығының құлы болмай — еңбегінің құны болмайды. Біздің басты құндылығымыз — халық денсаулығын арттыруға бағытталған істер» деп өз баяндамасын қорытындылады.

Апта сайын Facebook желісі арқылы облыс тұрғындары үшін «AntikorLive» жобасы аясында Антикор орталығында мемлекеттік мекеме басшылары, сондай-ақ облысымыздың белгілі азаматтары мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тікелей эфир өткізіледі.

Биліктің бұқараға барынша жақын, әрі ашық болуын қамтамасыз ету «AntikorLive» жобасының негізгі мақсаттарының бірі. Қазіргі уақытта «AntikorLive» жобасына 500-ге жуық спикер қатысты.Желі қолданушылары тікелей эфирге қатысып, қызықтырған сұрақтарын спикерге қоя алады.Осылайша халық пен мемлекеттік мекеме өкілдерінің арасында тікелей қарым-қатынас орнайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.