Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесіне Құлбай баба мешітінің бас имамы Ембергенов Амангелді Нәзірбайұлы келіп, түрмедегі сотталған азаматтардың дінге деген көзқарасымен танысып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Жазасын өтеушілермен «Өмірге деген құштарлық» тақырыбында еркін сұқбат жүргізілді. Әңгіме барысында имам жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде жат ағымның жетегіне ерушілердің саны азайып келе жатқанын жеткізді. Кездесуде сотталғандар өздерін толғандырған көкейлеріндегі дінге қатысты сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Амангелді Ембергенов өз кезегінде дін- діңгегіміз болса, дәстүр оны толықтырып, көркейтетін әдет-ғұрыптарымыздың рухани бөлінбес бір бөлшегі болып есептелінетініне кеңінен тоқталды. «Ата-бабадан аманат болып қалған асыл дініміз қазақ халқына жат емес. Ең алдымен ислам – ең әділетті дін. Ислам діні ұлтына, нәсіліне, түр-түсіне немесе әдет-ғұрпы мен дәстүрлеріне қарай адамзатты бөлуге шек қоймаған. Асыл дініміз ысырапшылдыққа жол бермеген.
Халқымыздың бұрыннан қалыптасқан әдет –ғұрыптары да дініміздің қағидаларына сай келеді» деген имам қапелімде жаңсақ іс-рекетке барған мұндағы азаматтарды иманжандылыққа, мейірімділікке үндеді. «Имандылық деген бір ғана сөздің бойында ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр», деді ол.