Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов пен Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бас маманы Ұлан Қасқабаев Мойынқұм ауданына іссапармен келіп, бірқатар ауылдарда болды.
Атап айтқанда Сарыөзек, Құмөзек, Қылышбай, Жамбыл ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауылдарда өткен жиындарды аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде жиынға қатысушылар да несиелендірудің шарттары, мерзімі, кепілге қойылатын мүлік жайында сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпараттар ала алды. Осы ретте аталған жиынның негізгі мақсаты – жобаның басты шарттарымен тағы да бір таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау.