Таразда қылмыс азайып келеді

0 9

Жамбылдың орталығында жыл басынан бері қылмыс көрсеткіші біршама төмендеген. Мұндай ақпаратты Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев баяндады.

Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны – 19,4, қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар – 19, мас күйінде жасалған бұзақылықтар – 8,6, кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстар – 28,1, бірнеше адамдар тобымен жасалған қылмыстар – 13 және қару қолданумен жасалатын қылмыстар 53 пайызға төмендеген. Осылайша, өткен жылға қарағанда облыс орталығындағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны 15 пайызға бәсеңдеген.

Сәкен Қондыбаевтың айтуынша, қаладағы қауіпсіздік мәселесін  қатаң қадағалау үшін 400-ге жуық тәртіп сақшысы тікесінен тік тұрып қызмет етеді.  Нәтижесінде шаһардағы қылмыстық құқықбұзушылық бойынша жалпы қылмыстардың ашылу көрсеткіші де едәуір ұлғайған. Мәселен, тонау, бұзақылық, пәтер, қалта, ұялы телефон мен мал ұрлықтары секілді азғындықпен айналысқандардың жолы кесіліп, бұл қылмыстарды ашу деңгейі бұрынғыға қарағанда артқан.

– Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 13 тірек пункттерінде 68 учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға лайықты қызмет көрсетуде. Учаскелік инспекторлар өткен жылы 22,8 пайызға тең құқық бұзушыларды әшкерелеп, тараздықтардың арыз-шағымын қанағаттандырған. Айта кетейік, есепті кезеңде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны арта түсті, – деген ол заңға қайшы әрекеттерге бейім нәзік жандылардың үлесі 60 пайызға көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

Ал, Тараз қалалық жергілікті полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Арман Тоқбергенов отбасылық тұрмыстық қатынас саласында қылмыс саны 43,8 пайызға (16-дан 23-ке дейін) артқанын мәлімдеді. Учаскелік полиция инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында 1700-ге жуық отбасылық дебоширді есепке алса,  осы санаттағы құқықбұзушыларға қатысты азаматтарға 109 ерекше талап белгілеген. Жалпы, бұл кезеңде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 2 мыңнан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Жиын соңында учаскелік полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, түрлі құқықбұзушылықтың алдын алуға қоғам болып жұмылу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Қатысушылар бұл бағытта кешенді жұмыстарды жүргізу жайын ерекше назарға алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.