Жылу беру маусымының басынан (2017 жылғы 15 қазаннан бастап) облыстың тұрғын үй секторында 134 өрт тіркеліп, салдарынан 8 адам (2-і бала) зардап шегіп, оның ішінде 2 адам қаза болды. Материалдық шығын 6 млн. 560 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, жылыту пештері мен тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан 15 улы және табиғи газбен улану оқиғасы орын алды, нәтижесінде 25 адам (5-і бала) зардап шегіп, оның ішінде 8 адам қаза болды.
Ұқсас оқиғалардың алдын алу және жылыту пештері мен тұрмыстық газ құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау, сонымен қатар жастарды өрт қауіпсіздігін насихаттауға тарту мақсатында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылу беру маусымының басынан әр сенбі күні «Өрт қауіпсіздігі сенбіліктерін» өткізіп жатыр. Өткен сенбі күні де ауқымды сенбілік өткізіліп, осындай рейдтер тек Тараз қаласында ғана емес, облыстың барлық аудандарында өткізілді. Рейдке «НұрОтан» партиясының жанындағы «Жас қанат» жастар қанатының волонтерлары, «Қазақстан Студенттерінің Альянсы» ЖОФ волонтерлары, қалалық әкімдіктің, жергілікті полиция қызметінің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ және ПИК, сонымен қатар БАҚ өкілдері қатысты.
Мұндай ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүргізу өткен 2016-2017 ж.ж. жылу беру маусымының ұқсас мерзіміне қарағанда тұрғын үй секторындағы өрттердің санын 5%, зардап шеккендердің санын 27% және қаза болғандардың санын 4 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Материалдық шығын 26% азайды.
Ал улы газбен улану оқиғаларының санын 21%, олардың салдарынан зардап шеккендердің санын 40%, төмендетуге мүмкін болды.
Бұл көрсеткіштер, азаматтық органдар қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдардың және жастар ұйымдарының өрт қауіпсіздігін насихаттау саласындағы тығыз қарым-қатынасы мен ынтымақтастығы оңтайлы нәтижелер беріп жатқанын көрсетеді.
Айсулу Тлеукулова
Жамбыл облысы ТЖД ӨҚСБПҚБ
халыққа хабар беру және оқыту тобының бас маманы
азаматтық қорғау майоры