Сал ауруына шалдыққандарға қозғалуға мүмкіндік беретін имплант жасалды

0 16

Миға қойылатын жаңа имплант сал ауруына шалдыққандарға қозғалуға мүмкіндік беретін болады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Импланттар адам ойын компьютерге түсіруге мүмкіндік береді. Әзірге бұл клиникалық зерттеулерде қолданылып жүр.

Әрине, ойлау арқылы бір затты қозғалту ғылыми фантастика болып көрінуі мүмкін. Бірақ ғалымдар миға салынатын импланттарды жетілдіріп, адам ойын компьютерге жіберу мүмкіндігін жасады. Имплант қоларбаны қозғалтып, протез немесе сал болып қалған қол-аяқты қозғалтуды бақылай алады.

Былтыр алғаш рет бұл имплант иығынан төмен сал болып қалған Билл Кочевар есімді емделушіге салынды. Қазір ол өз қолымен заттарды ұстай алатын деңгейге жетті. Кейс университетінің биомедициналық инженерия ғылымдарының доценті Бол Аджибоның айтуынша, имплант арқылы емделуші өз қолымен кесе ұстап, тамақтанатын болған және қолын бетіне жеткізе алады.

BrainGate технологиясының ғалымдары мұндай импланттардың болашағы зор деп отыр. Былтыр нейропсихолог Нильс Бирбаумер BCI технологиясы арқылы толығымен сал болып қалған адамдар «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алатынын анықтаған болатын. Ал Rehab нейронды инженерлер зертханасының ғалымдары BCI технологиясы протезді немесе сал болып қалған қол-аяқты басқара алатынын айтты. Енді олар ми арқылы басқарылатын технологияларды ұстағанда да адам соны сезетіндей деңгейге жеткізу үшін ізденіп жатқан көрінеді.

Ғалымдардың айтуынша, сал болып қалған адам денесін қозғалта алмағанымен, оның миы бұрынғы қалыпта қалады.

«Яғни, ми ненің не екенін білмей, әрекеттерді бақылай алмай қалады деген сөз жоқ», — дейді Питсбург университетінің физикалық медицина докторы Роберт Гонт.

Дегенмен, оның айтуынша, зертханадағы жұмысты күнделікті өмірге қорықпастан енгізу үшін көп жұмыс істеу керек. Себебі мида миллиардтаған нейрондар болатындықтан, барлық іс-әрекеттер мен қозғалыстарға электродтар салу арқылы басқару мүмкін емес.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.