Шымкентте балмұздақтан уланған науқастардың 38-і ауруханадан шығарылды

0 16

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев балмұздақ жеп, ішек инфекциясын жұқтырған  науқастардың жағдайымен танысты. Емдеу мекемесінде  жедел штаб отырысын өткізді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпарат ХАА сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда науқастардың 38-і үйлеріне жіберілсе, қалғандарына тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр. Орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталды. Науқастардың хал-ахуалы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті қадағалауына алынды. Облыс әкімі науқастардың тез арада сауығып кетуіне барлық жағдайларды жасау керектігін ескертіп, жауапты басқармаға қосымша дәрігер мамандарды тартуға тапсырма берді. «Барлық науқастардың жағдайымен танысып шықтым. Бүгінгі күнге олардың жағдайы тұрақты, барлық тиісті ем — дом көрсетілуде. Ауруханада дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Ең бастысы — науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдай жасауымыз қажет. Осы ретте мен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырамын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Штаб отырысында орын алған оқиғаның себеп-салдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекциясын жұқтыру санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан орын алған. Қазіргі таңда қосымша сараптама жұмыстары жүргізілуде. Аталған оқиғаға байланысты өңір басшысы облыстың Қоғамдық денсаулық сақтау  департаментінің жұмысын сынға алды. Жалпы қоғамдық тамақтандыру орындары тұрғындарға қызмет көрсетуде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндетті. Ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы қымбат екенін ескеріп, жауапты департамент тамақтандыру орындарына тиісті қадағалау жүргізуі қажет.

Еске салайық, Шымкенттегі «Южное» сауда орынынан балмұздақ алып жеген елуден аса тұрғын уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Осыдан кейін балмұздақ сататын орын уақытша жабылып, оқиға орнында Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексеру шараларын жүргізуде. Сондай-ақ өңірдің  Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.