Хакерлер «электрондық үкімет» нысандарына жиі шабуыл жасайды

0 0

Бүгін Астанада кибершабуылдарға тосқауыл қоюға арналған форумда Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағаcының орынбасары Руслан Әбдіқалықов Қазақстандағы хакерлерді қызықтыратын нысандар туралы айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Негізінен, «электрондық үкімет»  нысандарына шабуыл жасалады. Себебі хакерлер Ішкі істер министрлігі ресурстарын шабуылдауға аса қызықпайды. Мәселен ІІМ-ге шабуыл жасалды деп айтқан кезде шын мәнінде хакер нені ұрлай алады? Киберқылмыскер тек министрліктің веб-сайтынан басқа ештеңені көрмейді. Сондықтан осы сайт хакерді қызықтырмайды. Онда жаңалықтар лентасы, министр блогы бар, яғни маңызды мәліметтер жоқ. Сәйкесінше, ІІМ-нен ешқандай ақпаратты ұрлай алмайды. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесі күрделі. Онда жеке мәліметтерді өңдеу шаралары қамтылғандықтан, бұл сала хакерлердің қызығушылығын тудырады. Осы орайда біз уақытымыздың басым бөлігін «электрондық үкімет» өнімдерін қорғауға жұмсаймыз», — деп тоқталды Әбдіқалықов.

Оның сөзіне қарағанда, цифрлық қолтаңбамен  адамдар «электрондық үкіметпен» жұмыс істеген кезде мәліметтерді ұрлау тәуекелі бар көрінеді.

Сөз соңында Р. Әбдіқалықов жыл соңына қарай Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы пайдалануға берілетінін атап өтті. Бұл орталық барша еліміз бойынша мониторинг жүргізіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғайтын болады.

Бұдан бұрын Руслан Әбдіқалықов киберқауіпсіздік саласында технологиялық процестермен айналысатын компанияларда үлкен проблемалар бар екенін айтқан болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.