Сенат экспорттық ағындарды бақылауға қатысты құжатты мақұлдады

0 3

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Қарастырылған келісімнің мақсаты — тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде олардың шығу тегін анықтау, куәландыру және растау тәсілдерін сәйкестендіру үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету.

— Келісімде тауарлардың шығу тегін анықтаудың бірыңғай белгілері айқындалды. Елде толығымен өндірілген тауарларға пайдалы қазбалар, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ электр әрі жылу энергиясы және басқалар жатады. Бұл ретте, жуу, буып-түю және қарапайым жинақтау операциялары сияқты тауардың шығу тегіне әсер етпейтін операциялардың тізбесі айқындалды, — деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аталған шаралардың бірыңғай тізілімін жүргізу өкілеттігі Еуразиялық экономикалық комиссияға беріледі.

Сондай-ақ, құжат аясында уәкілетті және тексеруші органдардың функциялары айқындалады. Өндірістік үй-жайларды инспекциялауды және экспорттаушылардың коммерциялық құжаттамасын тексеруді қоса алғанда, тексерулер жүргізу тәртібі белгіленеді. Бұдан басқа, Келісімде электрондық верификация жүйелерін жасау арқылы рәсімдерді цифрландыру мәселелері реттелген. Бұл үшінші елдердің құзыретті органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақыт режимінде жедел тексеруге мүмкіндік береді, яғни осы қадамдар қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін айтарлықтай жеңілдетеді.

— «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 118 мыңға жуық экспорттық сертификат берілді. Бұл ретте, оның 35%-дан астамы тамақ өнеркәсібіне, 21%-ы металлургияға және 16,5%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Бұл салалар үшін Келісімде өндірушіні тауарды қайта орау немесе жуу сияқты «қарапайым операциялармен» айналысатындардан бөлу көзделеді. Ол өз кезегінде сыртқы нарықтарда «Made in Kazakhstan» брендін қорғауға мүмкіндік береді. Келісімнің тағы бір маңызды тармағы цифрландыруға қатысты. Елімізде бұған негіз құрылған деуге болады, яғни «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өтінімдерді беруді және қорытындыларды қалыптастыру шараларын толық электрондық форматқа ауыстырды, — деді дептат.

Келісімді ратификациялау экспорттық ағындарды бақылаудың үйлестірілген тетігін құруды қамтамасыз етеді, Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығын қорғауға мүмкіндік береді және сыртқы экономикалық қызметтің сенімді қатысушылары үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Бұған дейін ЕАЭО еркін сауда аймағын кеңейте бастағанын жазған едік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.