Денсаулық сақтау министрлігі: Суши денсаулыққа қауіпті

0 1

Санитарлық дәрігерлер қазақстандықтарға қандай суши жеуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, сапалы өнімдерден дайындалған суши мен роллдар адам ағзасына пайдасын әкелуі мүмкін. Алайда аталған тағамның қауіпті тұстары да жоқ емес.

«Жапон асханасында тағамдық өнімдер термиялық өңдеуден өте бермейді. Дәл осы себепті роллдар қауіпті болуы мүмкін. Шикі балық етін тұрақты түрде тұтыну барысында ішек құрттарын жұқтыру қаупі бар», – дейді санитарлық дәрігерлер.

Олардың сөзінше, мұздатылмаған балықта аз уақыт ішінде ауру тудыратын бактериялар дамиды.

Ал табиғи васаби жапондық ақжелкек тамырының ұнтағынан жасалады. Нағыз васабиді дайындау қымбат түседі. Сондықтан көбіне васабиді ақжелкектің қолжетімді түрлеріне бояғыштар, дәмдеуіштер мен хош иістендіргіштер қосу арқылы дайындайды.

Сонымен қатар суши мен роллға дәм беретін соя соустары да қауіпсіз емес.

«Оның құрамында көп мөлшерде тұз бар. Сондықтан мөлшерден тыс көп жеуге болмайды. Адам ағзасындағы артық тұз қабынуға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қан қысымы жоғары адамдар үшін көп мөлшерде тұз жеу гипертониялық асқыну қатерімен қауіпті. Оған қоса тұзда қан тамырларда жиналып қалатын қасиет бар. Соя соусының бір-екі ас қасық мөлшерінде 2 граммға дейін тұз бар. Ал тұздың тәуліктік қалыпты мөлшері – 5-8 грамм», – дейді комитеттің баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ, дәрігерлер жүкті әйелдер мен балаларға шикі, қақталған және ысталған балық еті қосылған суши мен роллдарды жемеуге кеңес берді. Елімізде роллдарға көбіне «Филадельфия» ірімшігі қосылады.

«Өндірістік әдіспен әзірленген аталған өнімнің құрамында тұрақтандырғыштар, консерванттар мен хош иістендіргіштер бар. Химиялық заттар да роллдардың зияндылығын көрсететін тізімді толықтырады. Ал суши мен роллдарды сүйіп жейтін адамдар аталған тағамды тек сенімді жапон мейрамханаларынан тапсырыс беріп алып, күмәнді сайттардан аулақ болғаны жөн», – дейді комитеттегілер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.