Осы аптада Қазақстанның бірқатар ұйымдары мен агенттіктерінде жаңа тағайындаулар орын алды. Өңірлерге қарасты қала, аудан әкімдіктерінде де өзгерістер болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Ажар Қажыбекова ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы болып тағайындалды.
Ажар Елемесқызы 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, 2005 жылы — Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған. Мамандығы — биология мұғалімі, агроном. 2000-2006 жылдары биология пәнінің мұғалімі болған, ҚР АШМ Алматы облыстық аумақтық басқармасында түрлі лауазымдарды атқарған. 2006-2012 жылдары ҚР АШМ фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінде, ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінде жұмыс істеген. 2012-2014 жылдары ҚР АШМ фитосанитарлық қауіпсіздік басқармасында, ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінде басшылық қызметтер атқарған.
2014-2017 жылдары — ҚР АШМ АӨК ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету департаментінің директоры, ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы лауазымын атқарған.
***
19 сәуір күні өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында Анатолий Смолин Жоғарғы сот судьясы болып сайланды. А. Смолин бұған дейін Жоғарғы сот судьясы қызметін он үш жылдан астам уақыт атқарған болатын. Оның судьялық жұмыстағы жалпы еңбек өтілі 28 жылдан асады.
***
Сонымен бірге, елордада «Астана — Технополис» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы міндетін уақытша атқарушы болып Ардақ Досанов тағайындалды.
Ардақ Ермағамбетұлы 1980 жылы туған. Жоғары білімді, 2001 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған. Корея Республикасы Аджоу халықаралық зерттеулер унивситеті жоғары мектебін «экономика және бизнес» магистрі бойынша грантпен оқып бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінде жетекші маман, бас маман ретінде бастаған. 2003-2011 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі, ҚР Индустрия және сауда министрлігі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрылымдық бөлімдерінде бас маманнан Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.
2011-2013 жылдары «Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ «KAZNEXINVEST» ТМД бойынша өңірлік директоры, кейін басқарушы директоры болып жұмыс істеген. 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Өңіраралық ынтымақтастық және экономикалық аудандару департаментінің директоры болған. 2014 жылдың маусым айында Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі ретінде тағайындалып, қала әкімінің орынбасары міндетін атқарды. 2014 жылдың қыркүйегінде Павлодар қаласы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
***
Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып экономика және бюджетті жоспарлау бөлімін басқарған Елена Литвиноватағайындалды. Бұл орын бұрынғы орынбасар Расул Манаповтың жемқорлық бойынша сотталуына байланысты көп уақыт бос тұрған еді.
Елена Литвинова — Д. Серікбаев атындағы жергілікті техникалық университеттің түлегі. Мемлекеттік қызметте 15 жыл өтілі бар. Жаңа лауазымында ол экономика, бюджет және қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм салаларына жетекшілік етеді.
***
Сондай-ақ, ШҚО әкімдігінің ветеринария басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға Көкпекті ауданының әкімі болған Рамиль Сағындықов бекітілді.
Рамиль Нығметжанұлы 1967 жылы наурыздың 26 күні Семей облысы Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында дүниеге келді. 1991 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «Ветеринар-дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1991 жылы Көкпекті ауданындағы «Шегелек» совхозында №3 фермада мал дәрігері қызметінен бастады. Бірнеше жыл ішінде «Шегелек» ЖШС-нің бас мал дәрігері болды. 2000 жылдан «Шегелек LTD» ЖШС басқарды. 2010 жылдың тамызында Көкпекті ауданының Үлкенбөкен ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы, кейін әкімі болып тағайындалды. 2011 жылы Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары, ал 2015 жылдан бастап Көкпекті ауданы әкімі лауазымында қызмет етті.
***
Қызылорда облысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің жаңа басшысы лауазымына Мақсұт Баймағамбетов тағайындалды.
Мақсұт Кәкімұлы 1966 жылы туған. Қазақ политехникалық, сондай-ақ Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институттарын бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы Арқалық қаласындағы Алексеев қиыршықтас зауытында бас маркшейдер ретінде бастаған. 1993 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып келеді. ҚР ҰҚК төрағасының бұйрығымен 2014 жылдан осы кезге дейін аумақтық департаменттің бастығы қызметін атқарып келген Таңат Жүнісов комитет Академиясының бастығы лауазымына тағайындалды.
***
Ақтөбе облысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Расул Медетов тағайындалды.
Расул Махмұдұлы 1986 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. ҚазГЗУ-дің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Шеффелд (Ұлыбритания) университетінде магистратураны бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақстан жастар одағы» ЗТБ-ның экономикалық және ақпараттық-технологиялық дамыту бөлімінің маманы қызметінен бастаған. ҚР Жоғарғы Сотында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті басшысының орынбасары лауазымында болған.
***
Ақмола облысында бұл аптада Біржан сал және Егіндікөл аудандарының әкімдері тағайындалды.
Облыс әкіміннің 2018 жылы 17 сәуірдегі өкімімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша және аудандық мәслихаттың келісімімен Ерлан Исабеков Егіндікөл ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Ерлан Шойұлы — Алматы облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін математика бакалавры және магистрі мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 2012 жылы Вашингтон қаласында Джорджтаун университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен ротациялық тәртіп негізінде Ермек Нұғыманов Біржан сал ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ермек Бекенұлы 1957 жылы бұрынғы Целиноград облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Көкшетау облысы Уәлиханов ауданындағы «Золотая нива» кеңшарының механизаторы болып бастаған.