Жамбыл облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген білім беру мекемелерінің саны артып келеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Былтыр осы бағдарлама аясында 37 нысан іске қосылған. Оның отызы – балабақша. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жекеменшік мектептер де ашылып жатыр. Осы санатқа жататын, балабақша кешенімен біріктірілген мектеп-гимназиясы ашық есік күнін өткізді. Бұл орталықта осы күндері 250-ден астам бала білім алуда. Шара барысында келген қонақтарға білім мекемесінің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды. Мұнда 3 тілде оқыту, роботтық техника сынды салаларға басты назар бөлінеді.
Сауле Рысбаева, мектеп-гимназия құрылтайшысы:
– Бүгінгі іс-шарада балаларымыз осы жерде үйренгендерін ата-аналардың, мұғалімдердің көмегімен көрсетіп жатыр. Рухани жаңғырудың басты мақсаты – ұлттық қағидаларды насихаттау, оны ұл-қыздарға үйрету.
Рахия Тұрмаханбетова, облыстық білім беру басқармасының басшысы:
– Қазір елімізде жекеменшік бала-бақшалармен мектептерге тапсырыс жасаудың механизмі бар. Барлық жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс жасалып, 3-6 жас аралығындағы балалар 92 пайыз қамтылып отыр. Биылғы жылы 48-ден астам балабақша ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесін көбейтуге үлесін қосады деп отырмыз.