Елімізде инклюзивті білім беру бағдарламаларына барынша көңіл бөлініп отыр

0 13

Мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік ортаға бейімдеп, инклюзивті білім беру бағдарламаларына барынша көңіл бөліп отыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz арнасына сілтеме жасап.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі 140 мыңнан астам бала болса, оның 50 мыңы – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер.

Мадина Қарсақбаева өзгелерден өзгешелеу болып дүниеге келеді. Қандай диагнозбен туылғанын байқаған дәрігерлер нәрестенің болашағынан көп үміт күтпейді. Дегенмен ата-анасының табандылығы, көптеген операция мен сенімнің арқасында аяғына тұрады. Ол жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беру мәселесі жаңадан көтеріле бастаған еді. Мектептер арнайы құралдармен қамтамасыз етілмегендіктен, Мадина үйінде оқуға мәжбүр болады. Ынта-жігерінің арқасында университетке сырттай оқуға түсіп, кейін Ұлыбританияда магистратураны бітіріп қайтады. Бүгінде ол инклюзивті білім беру бойынша өз әдістемесін жасап, мектеп ұстаздары және университет оқытушыларымен тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Мадина Қарсақбаева, инклюзивті білім беру магистрі:

«Мейірімділік пен шыдамдылық, түсіну мен төзімдік. Мұғалімдердің ең негізгі және керекті мінездері болу керек. Мұғалімдер балаларды бөлмей, оларға көмектесіп ашық әрі бірдей қарауы керек. Мектеп, университет, колледж қабырғасында достық атмосферасын қамтамасыз ету керек».

Инклюзивті мектеп арнайы сынып ашумен шектелмейді.

«Нағыз инклюзивті мектепте ерекше балалар өзге оқушылармен бір сыныпта оқиды», – дейді мамандар.

Әли Аманбаев, ҚР Мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы:

«Әдістемені жақсарту керек. Мұғалімдер психология жайын жақсы білуі тиіс. Әртүрлі көмекшілерді енгізу қажет. Бұл – үлкен үдеріс. Құлағы естімейтін адамдар бар. Оларға аудармамен көмектесу керек. Білім беру жүйесінің осы мәселелерді қолға алғаны қуантады».

Қазақстанның Электронды үкімет порталының мәліметіне сәйкес, өткен оқу жылында 500 балабақша және үш мыңнан астам мектеп инклюзивті білім беру әдістемесімен қамтылған. Ал 2019 жылы республикада балабақшалардың 30, ал мектептердің 70 пайызында мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуына жағдай жасалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.